429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда қазақ тілін тегін оқытатын курстар жұмыс істей бастады

  • 127
  • UPD: 08:46, 11.04.2021

Мамандар мемлекеттік тілге өзге ұлт өкілдерінің қызығушылығы арта бастағанын айтады.

Оксана Левченко – құтты мекен Қарағандының тумасы. Балалар спорт интернатында шорт-тректен сабақ береді. Негізі қазақ тілін үйренемін деп жүргеніне біраз болды. Биылғы мүмкіндікті пайдаланып, оқуға белсене кірісіпті. Алдағы уақытта мемлекеттік тілді жетік меңгеруге тырысамын дейді ол.

Оксана Левченко, қала тұрғыны:

- Ұлтым орыс, мамандығым жаттықтырушы. Менің отбасым, екі балам бар. Ұлым мен қызым да қазақ тілін оқиды.

Мамандар Оксана сынды қазақ тілін үйренгісі келетін тұрғындар көп екенін айтады. Бірақ барлығының айтатын сылтауы «уақыт жоқ». Биылғы оқу «онлайн» режимде өтетіндіктен көбіне тиімді болған.

Гаухар Айтбақаева, тілдерді оқыту орталығының әдіскері:

- Әлемде болып жатқан пандемияға байланысты орталық қашықтықтан оқыту форматына көшкен болатын. Ол бізге қиын болған жоқ. Себебі осыған дейін де онлайн жұмыс істеп жүрген болатынбыз. Электронды база қалыптасқан.

Қазақ тілін үйренуге келгендердің ең егдесі – 75 жаста. Былтыр бір маусымда оқыту курсына 100 адам ғана өтініш берсе, биыл тек 3 күнде 100 адам тіркеліпті. Ал жалпы алғанда осы маусымда кемі 250 адамның білімін жетілдіру жоспары бар. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артқан. Бұл түрі басқа болса да, тілегі бір отандастарымыздың қазақ халқына деген, мемлекеттік тілге деген құрметі.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы