«Жасыл аула» акциясы жалғасын тапты

2019 жылы Алматыда қаланы көгалдандыру бойынша «Жасыл Алматы» бағдарламасы қабылданған болатын.

Осы бағдарлама аясында былтыр «Жасыл аула» акциясында 500 түп ағаш отырғызылса, биыл жасыл экономика мамандары 1 мың 500 түп ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.

Алматыны көгалдандыруға қала тұрғындары да белсенді қатысуда. Өткен жылдың күзінде басталған «Жасыл аула» акциясы бойынша қала тұрғындары өздері тұрып жатқан мекен жай бойынша кез келген ағаш түрлеріне тапсырыс бере алады. Ал ағаштарды жасыл экономика мамандары тегін жеткізіп береді.

Ұлан Абдулдаев, жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары:

- Тұрғындар әртүрлі тұқымдас ағаштарды сұрап жатыр. Жемісті ағаштарды да сұрайды. Алматы облысында орналасқан питомниктерден алынып жатыр ағаштар.

Жалпы, 2019 жылы басталған «Жасыл Алматы» науқаны бойынша Алматыда үш жылдың ішінде 1 миллион ағаш отығызылуы тиіс. Дәл қазір қалада 2 жарым миллионнан аса ағаш бар екен. Өткен жылы әлемдік пандемияға қарамастан 282 мың жасыл желек отырғызылса, биыл мамандар 350 мың түп ағаш отырғызуды жоспарлап отыр. Тал отырғызып үлкен сауап жинап жүргендердің бірі – қала тұрғыны Әдия Әбділдина.

Әдия Әбділдина, қала тұрғыны:

- Жасыл экономика жасаған жарнаманы көріп бірден ағаштарға тапсырыс бердік. Олар міне, біздің тапсырысымызды қабылдап, ауламызға және көшемізге керемет жас көшеттерді отырғызып жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Өйткені ертең осы ағаштар жайқалып өскен соң, балаларымыз таза ауамен тыныстап, жасыл желектердің саясында әлі-қ ойнайтын болады.

«Жасыл аула» акциясының екінші кезеңінде қала тұрғындарынан 2 мың ағашқа тапсырыс түскен. Бүгін жасыл экономика мамандары 54 мекенжай бойынша 500 түп ағаш отырғызса, наурыз айының басынан 21 мың жасыл желек отырғызғандарын айтады. Бұл акция күз айларындада жалғасын таппақ.

Жандос Айтбайұлы , Нұрдәулет Жақсыбаев