Талдықорғандық шебер «Жетісу бесігі» кәдесыйын өндірістік жолға қоймақ

Биыл Талдықорғанның қайтадан облыс орталығы мәртебесін иеленгеніне 20 жыл.

Атаулы датаға орай Жеңіс Ысқабай есімді қолөнер шебері шаһардың кіреберісіндегі қақпаның шағын макетін жасауды қолға алды. «Жетісу бесігі» деп аталатын туындыны ол кәдесый ретінде шығарып өндірістік жолға қоймақ. 

Осы олқылықтың орнын толтыруды Жеңіс Ысқабай бір жыл бұрын жоспарлапты. Техник архитектор алдымен қала келбетін айшықтайтын ғимаратардың ішінен шағын макетін жасауға лайықтысын анықтаған. Артынша сызбасын сызып, өлшемін есептеді. Таңдаудың танымал сәулетші Ақмырза Рүстембековтің туындысына түсуінің өзіндік мәні бар.

Жеңіс Ысқабай, қолөнер шебері:

- Ерекше көз тартатын нәрсе – ол арка. Егер астын қарасаңыз, көне сақ дәуіріндегі элементтер пайдаланады. Яғни, тайқазан бар бір жағында барыс пен қошқардың басы бейнеленген. Біздің жібек жолы өткен осы жолда сан ғасырлық тарихымыз бар. Сол үшін біз сақ дәуірімен жаңа заманауи стильдердің байланысы осы аркада көрінеді. Сол себепті арканы қалама сый ретінде жасап отырмын.

Құрметті қонақтарға тарту етілетін шағын макет 200 бөлшектен тұрады. Оларды құрастырып желімдеудің өзі – үлкен жұмыс. Көз майын тауысып, тапжылмай отыратын шыдамдылықты қажет етеді. Мәселен, кәдесыйдың біреуін дайындауға үш күн кетеді екен. Жеңіс Ысқабайдың қолынан шыққан осындай өзге де дүниелері көпке танымал.

Данияр Болысбекұлы, журналист:

- Жеңіс Ысқабай алғашқы жасап шығарған «куа-куа» өнімін біз өзіміздің кіндік балаларымызға, астанаға, Шымкентке туған туысқа сыйлық ретінде тараттық. Ол ойыншықтың сипатын, сапасын көргеннен кейін сол жақтағы азаматтардың қызығушылығы артты. Өйткені Жеңіс Ысқабай бірінші сапаға мән береді. Және материалдың адам денсаулығына зиян болмауын қадағалап отырады.  

Қолөнер шебері ұсталықты атасынан үйреніпті. Есейген соң кәсіби тұрғыда білім алған. Бүгінде ол өз баласын да осы іске баулып, ағаштан сандық жасаудың көне тәсілін жаңғыртып жүр.  

Жеңіс Ысқабай, қолөнер шебері:

- Қазақ көшпенді халық қой, табиғатпен етене өмір сүргендіктен біздің оюларымыздың өзінде табиғилық бар. Өсімдік тектес келеді. Әуелі геометриялық оюлар бар. Қарап отырсақ, біздің ата бабаларымыз соны жасап дайындап кеткен.

Біздің тамырымыз тереңде. Сол мақсатта мен өзіміздің сандықты жаңғыртып отырмын. 

Жеңіс Ысқабай – техник архитектор, ағаш шебері ғана емес мықты фотограф. Ол түрлі спорттық жарыстар мен еліміздегі елеулі оқиғаларды суретке түсіріп тарихта қалдыруды өзіне мақсат еткен. Енді ол жылдар бойы жиналған фотоларын іріктеп шаһардың даму барысын бейнелейтін альбом жасап шығармақ.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев