Түркістан облысы Сайрам ауданындағы жаңа үйлерге су тарту басталды

Түркістан облысының Сайрам ауданындағы жаңа құрылыс аумағындағы үйлерге ауыз су тартыла бастады. Жалпы өңірдегі елді мекендер дерлік орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Алайда ауданда халық көп болғандықтан жылда жаңа үйлер салынып, елді мекендер кеңейіп келеді. Оларға ауыз судан бөлек жарық, газ және жол қажет. Бұл мәселелер қалай шешіліп жатыр? 

Бұл Қарасу ауылдық округі Ақбай елді мекеніне қарасты жаңа құрылыс аумағы. Мұнда соңғы бірер жылда 80-ге жуық жаңа үй бой көтерген. Алайда баспанасы бітіп, қоныс тойын тойлаған тұрғындарға тіршілік нәрін тасып ішуге тура келіпті. Бірақ бұл мәселені жергілікті әкімдік демеушілердің көмегімен шешіп беріпті. Үш жарым шақырым ауыз су құбырын тартып, үйді-үйге кіргізген. «Ендігі мәселе жарық» дейді елді мекен тұрғындары. 

Мақсатқұл Анарқұлов, Ақбай елді мекенінің тұрғыны:  

- Жарық жоқ, соны айттық. Газ келді, су бар. Жолды бітіріп жатырмыз. Енді жарық қалғаны бізде. Соны аудан әкімдігіне өтініш ретінде айттық. «Мақұл», жасап береміз» деп кетті.

«Жарық» демекші, осы Қарасу ауылдық округіне қарасты Күләш Байсейітова көшесінің тұрғындары да электр қуатына қатысты әкімдікке өтінішпен барған. Себебі мұндағы бағаналар әбден ескірген. Жауаптылар демеушілерді тарта отырып, ағаш бағаналарды темірге ауыстырып берді.  

Абдырахман Багаширов, Қарасу ауылының тұрғыны:

- Көшеміздегі жарық бағаналарының орнатылғанына 40 жылдан асты. Жел тұрып, жауын жауған сайын жарықсыз қалатынбыз. Әбден тозған. Кейбірі құлайын деп тұр. Осы көшенің ақсақалы ретінде әкімдікке барып, өтініш айттық. Сөзімізді жерге тастамады. Қазір өздерің көргендей жаңа темір бағандар орнатып жатыр.

Сайрам ауданында қазір 200 мыңнан аса халық тұрады. «Адам саны көп болған сайын атқарылатын шаруа да, жауапкершілік те еселене түседі» жергілікті жауаптылар. Мұнда тозығы жеткен жол да, ескірген ауызсу құбыры да бар. Бірақ жергілікті билік бюджет қаржысына қарап отырмай, кемшіліктерді демеушілердің көмегімен шешуге кіріскен.

Шыңғыс Жаманқұлов, аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Сонымен қатар Ақбай ауылында Қусанов көшесі бар, ауыз су құбыры 1965 жылы жүргізілген. Оның да тозығы жетіп, жергілікті тұрғындар мен демеушілер есебінен ескірген құбырлары жаңартылды.

– Ауданда ауыз су тартылмаған елді мекен бар ма?

– Сайрам ауданы бойынша 42 елді мекен бар. Оның барлығы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Тек осындай жаңа құрылыс аумақтары бар, олар ағымдағы жұмыстармен бітіп жатыр. 

Сайрам ауданындағы бұл жұмыстардың барлығы «Ауыл – ел тірегі» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ осы жоба шеңберінде Ақбай ауылы Жаңатұрмыс көшесіндегі 17 гектар аумаққа да инфрақұрылым жүйесі тартылады. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы