Елордадағы «Шығыс» тұрғын үй кешені үлескерлерінің мәселесі сотта қаралады

Елордадағы «Шығыс» тұрғын үй кешенінің «жыры» бітер емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үлескерлері былтыр күзде баспанаға кіруі керек болатын. Алайда, әлі күнге пәтер кілттері табысталмады. Бұл жолы бір топ үлескер тұрғын үй құрылысы кооперативіне шағымданып, арнамызға хабарласты.

«Шығыс» тұрғын үй кешеніндегі пәтеріне қол жеткізе алмай жүргендердің бірі – Жақсылық Айымбетов. Әрі үлескер әрі адвокат. Заңгер құқықтарының аяқасты болып жатқанын айтады. Бастапқыда құрылыс компаниясы алдап соқса, енді тұрғын үй құрылысы кооперативі де заңсыздықтарға жол берген.

Жақсылық Айымбетов, адвокат, үлескер:

- Біз ЖСК-ға кіргіміз келмейді. Бірақ бізге қандай жол бар екенін «Елорда құрылыс компаниясы» тарапынан көрсетілген жоқ. Тек «кіріңдер» деді. Бірінші кезекте 800 үй бар. Соның 500-ден астамы ЖКС-ға кірген. Менде бірінші кезекте 175 сенімхат берілген. Қазір сотқа бердік. Бізді мәжбүрлеу ретінде келісімшарттар жасалған.

Үлескерлердің айтуынша, мәселе толық шешімін табар еді, егер қолдарына құжат беріліп, кооператив мүшелері толық әділет органдарына тіркелсе. Іс жүзінде бәрі басқаша болып тұр. Тұрғын үй құрылысы кооперативінің мүшесі ретінде тек 10 шақты адам белгіленген.

Андрей Маклаков, үлескер:

- Проблемалы нысандардың құрылысы жүріп жатқанын көріп отырмыз. Бірақ бізді тұрғын үй құрылысы кооперативінің жұмысы алаңдатады. Оның басшыларын тұрғындар таңдаған жоқ. Енді келіп, пәтерлерді бөліске салмақ.

Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін тұрғын үй құрылысы кооперативіне хабарластық. Ондағылардың уәжі басқа. Құқықтары толық қорғалған. «Кооператив заңды жұмыс істейді», - дейді.

Гүлжамал Ілиясова, Тұрғын үй құрылысы кооперативінің басшысы:

- Негізінде ол үлескерлер кезінде осы үйге қаржы құйғаны жөніндегі анықтаманы көрсете алмады. Сондықтан мүше болғысы келмейді. Егер мүше болса, қолдарына кооперативке мүше деген құжатты ұстатамыз. Сол негізгі құжат болады.

Тараптардың уәжі әртүрлі. Бір анығы, үлескерлер кооперативке кіруге үзілді-кесілді қарсы. Мәселені тек әкімдік шешуі мүмкін немесе арадағы дау сотта қаралады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Марат Диқанбаев