Алматы облысында керемет роботтар құрастыратын бесаспап шебер тұрады

Трансформерлер үйі. Алматы облысында ескі шаңсорғыштарды кәдеге жаратып, керемет роботтар құрастыратын бесаспап шебер тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қуаныш Мұхамеджановтың қолынан шыққан балалардың сүйікті кейіпкері Бамблбиді де көруге болады. Әуелгіде тіс дәрігері мамандығы бойынша 15 жыл қызмет етіп, кейін бағытын мүлдем басқа арнаға бұрған шебермен тілшіміз де кездесіп, роботтарын көріп қайтты.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Мынау Қуаныш Мұхамеджановтың ең алғашқы туындысы. Бамблби – «Трансформер» киносының кейіпкері. Бала кезінен түрлі мультфильмдер көріп, роботқа қызыққан ол 35 жасында өзінің алғашқы роботын жасайды. «Тіс дәрігері мамандығы да ұнайды. Бірақ шығармашылық жұмыс жаныма жақын», - дейді шебер. Өзінің дәмханасын ашқан соң кәсібін дөңгелетудің амалын іздей бастайды. Сөйтіп, жасаған роботтарын дәмханасының алдына, ішіне орналастырады. Қазіркелушілер тек тамақтанып қана қоймай, өнер туындыларын тамашалайды.

Қуаныш Мұхамеджанов, робот жасайтын шебер:

- Алғашқы жұмысымды темір қалдықтарынан жасадым. Оларды техникалық қызмет көрсету орталықтарынан жинадым. Кейін келе, пластикті пайдаландым. Пластикті қоқысқа тастасаңыз, ол 1000 жыл бойы шіриді. Бұл табиғатқа да зиян. Ескі шаңсорғыштар, теледидарлар да мен үшін нағыз «шикізат көзі». Бекерге қоқысқа тастағанша олардан өнер туындысын жасайын деп шештім.

Данияр Кемалов, Қуаныштың досы:

- Әркімнің көңілінің түкпірінде жүрген бала арманы бар. Өмірдің қарбаласымен жүріп, біз оны кейінге шегереміз, тіпті кейде ол туралы ұмытып кетіп жатамыз. Сол арман мақсатқа айналмай, қалып қояды. Ал, Қуаныш өзінің арманын жүзеге асырып, көпке үлгі болып жүр.

«Бір роботқа қажетті материалды жинауға бір жыл уақыт кетеді», - дейді шебер. Себебі, қажетті бөлшектер таптыра бермейді. Мәселен, бір мүсін жасауға 15 ескі шаңсорғыш керек екен. Қуаныш мұның да амалын тауыпты. «Ескі, жарамсыз шаңсорғышқа пицца айырбастаймын», деп жарнама жасайды. Сөйтіп, бір жылда 300 шаңсорғыш жинаған. Мүсіндерінің көлемі де, салмағы да әртүрлі. Ең үлкен роботы бір тонна тартады.

Қуаныш Мұхамеджанов, робот жасайтын шебер:

- Ең тез жасаған роботыма бір апта уақыт кетті. Өйткені материалдары дайын еді. Ал, ең ауыр робот ол – динозавр. Темір қалдықтарынан жасалғандықтан, салмағы да ауыр, шамамен бір тонна болады. Оны жасауға үш ай уақыт кетті. Бірақ өзіме ұнады. Тағы бір динозавр құрау жоспарда бар.

Қуаныш Мұхамеджановтың қазір қолдан жасаған 30-ға жуық роботы бар. Шебердің арманы – заманауи өнер музейін ашу.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов