Алматыдағы «Кәусар» ТК тұрғындары жанындағы көп қабатты үйдің құрылысына қарсы

Алматының Алмалы ауданындағы «Кәусар» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жапсарлай салына бастаған өзге көп қабатты үйлердің құрылысына қарсы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт жаңа ғимараттың құрылысы заңсыз және ешқандай талап сақталмаған деп отыр. Тұрғындардың тынышын кетірген құрылыс туралы тілші тарқатады.

Аршын Кемелжан, тілші:

- «Кәусар» кешенінің тұрғындары былтыр күзден бері жанындағы көп қабатты үйдің құрылысына қарсылық білдіріп келеді. Даудың басы жаңа нысанның жақын салынуынан басталған. «Мұнда көп қабатты ғимарат арасындағы қашықтық сақталмаған», деп отыр. Оған қоса, ауыр техника мен құрылыс жұмыстарының шуы мен дірілі күні-түні тыныштық бермейді екен.

Тоқташ Сепбаева, қала тұрғыны:

- Үй дірілдеп тұрды, үйде білініп тұрды мына істегендері. Ана шамдарымыз былай жер сілкінісінде де ондай болмайтын еді, шайқалып кетті. Енді біздер қарсымыз мынаны салуына. Енді мына жерге тақамай, әрі салса болмай ма?

Гүлнар Бекежанова, қала тұрғыны:

- Өздеріңіз көріп тұрған мына кранның арқаны теңселіп тұр. Арғы жағындағы пәтерлердің балконына тиіп кетуі мүмкін. Құрылыстың кесірінен үй дірілдідейді, терезелер шытынап кетті. Тұрғындар құрылысқа қарсылығын білдіріп, әкімдікке де арыз жаздық, нәтиже жоқ.

Ал құрылыс компаниясының өкілдері болса, «заң талаптарын сақтап отырмыз» деп ақталды. Түнгі уақытта жұмыс істемейтіндерін және діріл мен шудың өзге құрылыс нысандарынан екенін айтады.

Илимхан Шаймилов, мердігер компанияның өкілі:

- Біздің құрылыс нысаны өткен күзде басталды. Қазір үйдің тағанын ғана құйып жатырмыз. Барлық жұмыстар құрылыс нормасына сай жасалуда. Кешкі сағат 18:00-ге дейін ғана жұмыс істейміз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, біз барынша тыныш жұмыс істейміз. Артық діріл мен дыбыс көрші құрылыстардан шығып жатыр.

Қала құрылысын жоспарлау және аумақтың дамуын үйлестіру қызметі болса, жаңа нысанның құрылысы заңды екенін айтты. Айтуынша, жер телімі заңды тұлғаға тиесілі және 2017 жылы көпқабатты үй салуға рұқсат берілген.

Арман Айшуақов, Алмалы аудандық қала құрылысын жоспарлау және аумақтың дамуын үйлестіру қызметінің басшысы:

- Бұл нысан барлық талап пен заңға сай жобаланған. Сонымен қатар рұқсат етілген аумаққа ғана үй салып жатыр. Жоба барысында үйдің жанындағы «Кәусар» тұрғын үй кешеніне жақын болатыны ескерілген. Арақашықтық 15 метр болады. Рұқсат етілген норма сақталуда.

«Кәусар» тұрғын үй кешенінде 2 мыңдай адам тұрады. Ал дәл іргеден салынып жатқан көп қабатты ғимараттар пайдалануға берілсе, алақандай жерде мыңдаған адам өмір сүретін болады. Тұрғындар бір-біріне жапсарлай салынған зәулім үйлер самал желдің соғуына да көп кедергі келтіреді деп алаңдар отыр. Экологиясы онсыз да мәз емес Алматы үшін бұл шынында да үлкен мәселе.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов, Сержан Жұмабаев