Елордаға іргелес жатқан аудандарда қар әлі де көп – ТЖД

Ақмола облысының Нұр-Сұлтан қаласына іргелес жатқан аудандарында қар әлі де көп.

Бұл аймақты әуеден бақылау барысында белгілі болды дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті. Құзырлы орган таратқан мәліметке сүйенсек, даладағы ақ ұлпа әсіресе, Астрахан ауданында қалың. Сондықтан Есіл, Нұра және Қалқұтан өзендеріне құйылатын ағын су алдағы уақытта көп болуы мүмкін. Сол үшін қазір оларда мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұшу барысында Астана су қоймасы, Батпақкөл көлінің бөгеті, Бірсуат су қоймасы және Преображенск су торабының жағдайлары да бақылауға алынған. Әзірге олардан келер қауіп жоқ дейді мамандар.

Асқар Мұратұлы, облыс әкімінің орынбасары:

– Бүгін міне, үшінші күн болды, Целиноград, Аршалы аудандарында жұмыс жасап жатырмыз. Бүгін әдейі тікұшақпен осы аудандардың су айдындарын, Есіл, Нұра өзендерінің арналарын қарап шықтық. Жағдай тұрақты. Үлкен суды қарсы алуға дайынбыз. Елді мекендерге су келіп жатыр. Соларды сорып алу жұмыстары жүріп жатыр.