423,81 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Еліміздің астанасында тұрамыз деп айту ұят – батпаққа батқан елордалықтар

  • 228
  • UPD: 21:17, 12.04.2021

Көктемде елорда жұрты қар суымен әлекке түсіп, батпақ кешеді.

Жылда осы жағдай қайталанады. Шаһардың ми-батпаққа айналған жолдары, ауласы көлкіген үйлері қашан жөнделеді? Инфрақұрылымның тиісті деңгейде жүргізілмеуіне кім жауапты? Ел астанасының мұндай проблемадан көз ашпай келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды.

Бұл елорданың сол жағалауында кейінгі 5-6 жылдың мұғдарында салынып, бой көтеріп келе жатқан ықшам аудан. Тұрғындардың айтуынша, көктем мен күзде не жаңбыр жауған мезгілде үй арасы көлкіп, ми-батпаққа айналады. Осылай жалғасып келе жатқанына бесінші жыл. Көлігі жоқтар үлкен жолға дейін аяғына целофан қапшық байлап шығады.

Нұрзат Әпенов, қала тұрғыны:

– Осы жолды көріп тұрсыздар, коляскамен шыға алмаймыз. Жұмысқа таңда шығасың, аяғыңа пакет киіп шығасың.

Зәуре Мангазина, қала тұрғыны:

– Еліміздің астанасында тұрамыз деп айту ұят. Мына үйді салған застройщик жақсылап сатты, оған бардық, бірақ үнемі алдыңдар ма, бітті деген жауап аламыз.

Төңіректе оншақты көпқабатты үй, мектеп және тағы бірқатар әлеуметтік нысан орналасқан. Аралары алыс емес. Бірақ бірін-бірі жалғайтын жол жоқ. Көлік те, адам да алыстан айналып барады. Ал такси немесе жедел жәрдемнің келуі қиын. Тұрғындар да арызданып бармаған жерлері жоқ. Қала әкімдігі болса қаржы жоқ деп қол қусырып қарап отыр.

Нұр-Сұлтан қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы:

«Нұр-Сұлтан қаласында Бейсекова көшесінен Е430 көшесіне дейін № Е370 көшесін салу басқармамен жобалар әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар. Қаржыландырудың болмауына байланысты жобаның нақты уақытын көрсету мүмкін емес».

Сөйтіп жоба бар. Қаржы жоқ. Мәселе бүгін-ертең шешімін табуы екіталай. Ал тұрғындардың жүріп-тұруы қиындаса, балалар тысқа шығып ойнаудан қалған.

Заида Төлеуленова, қала тұрғыны:

– Мына жерде 300 метр, мына жерде 500 метр асфальт салынса болды. Әкімдікке айттық. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл не деген жауапсыз адамдар. Бұған балалар түсіп те кетеді.

Бақытжан Ысақаев, қала тұрғыны:

– Міне, 200 метр қазып қойды. Қысты күні жатты. Соны ойлап жатқан бір адам баласы жоқ. Мына жерде пәлен халық бар.

Елорданың инфрақұрылымына қатысты мәселені жақында Мемлекет басшысы да сынға алып, нақты шаралар қабылдауды тапсырған еді. Тұрғындар осыдан үмітті. Бірақ жергілікті биліктің оны орындауға шамасы жете ме, жетпей ме? Ол белгісіз.  

Рауан Мыңбаев, Аят Дүйсебаев

Хабар 24 телеарнасы