Өскеменде трамвай ақысы қымбаттады

Бұған дейін жолақы құны 65 теңге болса, енді – 80 теңге.

15 жасқа дейінгі балаларға 50 проценттік жеңілдік сақталады. Трамвай паркі басшылығы тарифті өсіру туралы жоспарын жыл басында мәлімдеген еді. Оған электр энергиясының қымбаттауы ықпал етіпті. Мәселен, өткен жылы кәсіпорынның коммуналдық төлемақысы 70 миллион теңгеден асқан. Бастапқыда парк жетекшілігі билет бағасын 25 теңгеге көтеру туралы ұсыныс айтқан. Бірақ қала әкімдігі баға жолаушыларға ауыр соғатынын жеткізіп, 15 теңге қосуға кеңес берді. Ал он теңгенің есебін әкімдік бюджеттен өтемек.

Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің кеңесшісі:

– Соңғы уақытта қала басшылығының шешімімен 80 теңге деп шешілді. Он теңге, ол он теңге қала әкімдігінің бюджетінен трамвайлардың жақсаруы бойынша модернизация, жаңарту жұмыстарына жұмсалады. Сонымен қатар айта кету керек, электр қуатының бағасы тарифі өсіп бара жатыр, трамвай паркінің қызметкерлерінің айлық ақысын көтеру үшін бұл шешім қабылданды.