Қарқаралыда алты жыл бұрын баспана алған 12 отбасы құжаттарын әлі ала алмай жүр

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында 6 жыл бұрын жаңа баспанаға қоныстанған 12 отбасы әлі күнге үй құжаттарын ала алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алаулатып-жалаулатып берген пәтерлер өз аттарына өтпеген. Қазір көпшілігінің «Жас отбасы» бағдарламасынан жастары асып кеткен. Соның кесірінен далада қалу қаупі бар. Салтанатты жағдайда тапсырылған үйдің осы күнге дейін рәсімделмеуіне не себеп?

Екі қабатты бұл жаңа үй осыдан 6 жыл бұрын салтанатты жағдайда тапсырылған. Алайда қоныстой иелері әлі күнге баспана құжаттарына қол жеткізе алмай келеді.

Ғалия Ақажанова, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

– Техқұжат бар ғой, сонымен алдық. Болды, бірақ ол да қазір жоқ. Оны жаңағы кісілер алып кетті, құжат жасайын деп жатырмыз, бұл құжат бізге керек деп. Сосын ол құжаттан да айырылып қалдық.

Пәтерлер 12 жанұяға «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша берілген. Сол кезде құжат дұрыс рәсімделгенде, несиені ендігі төлеп бітетін едік дейді тұрғындар.

Аяжан Госманян, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

– Біз 6 жылдың ішінде бітер едік. «Отбасы банкке» барған кезде алғашқы жарнасын төледік. Сол бойынша бізге беру керек еді. Ондай болған жоқ, неше жыл болды, күтіп жүрміз. Бізде түк құжат жоқ. Біз жарық, жылуды өз құжатымызбен солай төлеп жатырмыз.

Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, нысан 2014 жылы тапсырылу керек болған. Алайда құрылыс аяқсыз қалып, қарағандылық мердігер кетіп қалған. Бірақ соған қарамастан әкімшілік мұндағы пәтерлерді мұқтаж жандарға үлестіріп жібереді. Енді құжатын бере алмай отыр. 2018 жылы сотқа арызданып, жеңіп шыққан. Судья мердігерге құрылысты аяқтауды міндеттегенмен, олар шешімді орындауға асығар емес.

Жасұлан Сыздықов, Қарқаралы қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Талап-арыз қанағаттандырылып, шешім шыққан, мердігердің құрылыс жұмыстарын аяқтап, тапсыру жөнінде. Бірақ қазіргі уақытта ешқандай жұмыстар жүргізілген жоқ. Сот орындаушысына құжаттар берілді. Бірақ сот орындау қағазы ешқандай қозғалыссыз.

«Жас отбасы» бағдарламасы бойынша пәтерлер 29 жасқа дейінгі азаматтарға берілуі тиіс. Ал мұнда тұрып жатқандардың көпшілігі алты жылдың ішінде ол жастан асып кеткен.

Анар Егеубаева, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

– Егер құжаты дайын болып, қолыма беретін болса, мен бұл үйді сол бағдарламамен ала алмаймын. Өйткені жасым 30-дан асып кетті. Келгенде бір баламен болдым, қазір үш балам бар. Сол үшін алаңдаймыз, бәріміздің жағдайымыз сондай, 3-4 баладан. Біз сонда қайда барамыз.

Өкінішке қарай, жаңа үйдің сапасы да сын көтермейді. Қабырғасы көгеріп, сетінеп жатыр. Ал жертөлесі суға толып кеткен. Тұрғындар құжатын рәсімдегенше құлап қала ма деп алаңдаулы.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев