427,41 517.06 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы Новопокровка ауылында қауіпсіз жерге көшірілген халық үйлеріне оралды

  • 124
  • UPD: 22:25, 12.04.2021

Өткен жұма күні еріген қар суы 40 шақты үйдің ауласына кіріп, жұртты әбігерге түсірген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қауіп сейілген, арнайы құрылған комиссия зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, шығындарды есептеп жатыр. Жергілікті билік енді Жұра өзенінің арнасын тазалап, бүлінген 2 көшені лайдан аршиды.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Су ауылға мына беткейден, жазықтан келген. Алғашында халық асып-сасып қалғаны рас. Дегенмен, шұғыл әрекет етудің арқасында әкімдік пен жергілікті шаруа қожалықтары біріге отырып Новопокровка-Петропавловка тас жолын жыру арқылы судың екпінін төмендетуге күш салған. Осының арқасында 2 көшені су тасқынынан алып қалуға мүмкіндік туыпты.

Солтүстік-батыс жақтан келген қар суы ескі бөгетті бұзып өтіп ауылға лап қойған. Көнекөз қариялардың айтуынша, мұндай тасқын 40 жылдан бері болмапты. Күзде жердің беті мұз болып қатып қалып, тоң жібімей қойған. Сондықтан күн күрт жылынғанда, еріген қар суы ырыққа көнбепті. Құралай Көбенованың үйіндегі жерқоймасында су әлі көлкіп тұр. Баспанаға қатты зиян келмегенмен, аула мен жазғы ас үй зардап шегіпті.

Құралай Көбенова, Новопокровка ауылының тұрғыны:

– Біз сағат 3-те Семейден келдік, сол кезде басталып келе жатқан. Су көл болып тұрды. Бір уақытта су жарты сағаттың ішінде келді, 30-40 минуттың ішінде бұрқылдап су тасқыны болушы еді. Ондайды көрмеген біз шок жағдайда болдық. Тіпті К-700 дөңгелегі бетондағы ол орнынан қозғалып, басқа бағытқа кетіп қалды, күштілігі сондай болып.

Ал тоқсандағы Нұрлыбек ақсақалдың үйіне су кіріп кетіпті. Қазір есік терезені ашып бәрін кептіріп әлек. Ең бастысы, басымыз аман, соған тәубе деп отырмыз дейді тұрғын.

Нұрлыбек Ысқақов, Новопокровка ауылының тұрғыны:

– Жұрадан су шығатын, ол қойды. Енді мынау көшеден келді, барлығы көшеден лап беріп үйге кірді. Жалғыз біз емес қой, барлығы айтатын шығар. Білмейміз енді, қайдан келген су екенін.

Жұра өзенінің арнасынан тасып, ауылға кірген қар суы екі көшедегі 40 шақты үйдің ауласына кіріпті. Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар қазір үйлеріне оралды. Төтенше жағдайдың салдарын жоюға 20 шақты техника, 90 адам жұмылдырылған.

Ертай Шәкенов, Новопокровка ауылдық округінің әкімі:

– Бірінші мақсат – Жұраның арнасын қалпына келтіру. Мұнда көбінесе халықтың өзіне байланысты шынын айту керек. Көбі Жұраның арнасына үйден шыққан күл-қоқыс соның бәрін тастайды. Ол үйінен кетеді де көршіге, арнаға барып тіреледі. Сондықтан ең басты мақсат – сол. Екінші мақсат – жолдардың бәрін қалпына келтіру. Оны да мүмкіншілік бойынша аудан қолдап, облыстан қаражат бөлініп жатса, оның бәрін қалпына келтіреміз деп уәде беремін.

Қазір су тасқынына байланысты құрылған арнайы комиссия әр үйдің тұрғындарымен кездесіп, шығындарды есептеп жатыр. Әзірге 3 үйге едәуір зақым келгені анықталды. Ал облыстық маңызы бар жолды қайта қалпына келтіруге жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы