Қыстан шыққан елорда қоқыстан аяқ алып жүргісіз күйге енді

Қыстан шыққан елорданың сиқы сұрықсыз күйге айналды. Тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс бас қаланы басып барады. Ал әкімдік «қоқысты тиісті орынға тастамаған 200-ден астам заңды тұлға жауапкершілікке тартылды» деп қарап отыр. Оларға 5 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салыныпты. 

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Біз бас қаланың тура орталығындағы көпірлердің біріндеміз. Сол жағымызда триатлон паркі, ал оң жағымызда әкімшілік ғимараттар орналасқан. Көліктер үздіксіз, тоқтаусыз жүйткіп жатыр. Бәрі керемет, бәрі тамаша. Алайда бұл көпірдің үстіндегі көрініс ғана. 

Ал бұл көпірдің асты. Қар ери бастағанда көзге әуелі қара жер емес, қалдық пен қоқыс түседі. 

Ал бұл «Жағалау-3» тұрғын үй кешені. Мұнда ойнаған бала мен серуендеген тұрғындар көп. Алайда адам аяғы үзілмейтін жердің өзінде тазалық жұмыстарының жеткілікті дәрежеде жүргізілмей отырғанын байқауға болады.       

- КСК-ның бар болғанынан бізге ешқандай пайдасы жоқ. Оларға қанша рет заявление бердік. Айттық та. Бірақ ешқандай көмек жоқ олардан.

- Үйдің артындағы қоқыстар енді, сұмдық. Тұрғындар бұл жағдайға қалай шыдап отыр. Таңым бар. 

Жыл басынан бері бір ғана Есіл ауданында қоқыс пен қалдықты белгіленген орынға тастамағаны үшін 220 заңды тұлға жауапкершілікке тартылыпты. Оларға салынған айыппұл мөлшері 5 мыллион теңгенің шамасында.

Жарқын Айтжанов, Есіл аудандық әкімдігі абаттандыру бөлімінің басшысы:

- Үйдің айналасындағы 5 метрге дейінгі жер қызмет көрсетуші компанияның аумағы болып есептеледі. Егер бұл аумақ коммуналдық меншікке берілсе, аудандық әкімдік жауапты. Есіл ауданы бойынша тазалық жұмыстарын 40-тан астам мердігер компания атқарады. Бұл жұмыстар тәулік бойы тоқтамайды.    

Мақсат Саматұлы, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:

-  Бүгінгі күні Алматы ауданы бойынша 9 мердігер ұйым тазалық-санитарлық жұмыстарды жүргізуде. Күн сайын аудан бойынша 300-ден аса арнайы техника жұмысқа шығады. Былтыр біз қаладағы үлкен саябақтардың үшеуін қостық. Бұл президенттік саябақ, триатлон саябақтарын қостық. Адам көп шоғырланған. Тазалық жұмыстары жүргізілуде. 

Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, қаланы таза ұстау үшін техника да, жұмыс қолы да жететін көрінеді. Алайда тұрғындардың өзі де тазалыққа салғырт қарамаса дейді. Айтпақшы Жағалауға қатысты әкімдік өкілі пікірін білдірген соң ондағы қоқыс пен қалдық бірден жиналыпты.