Қапшағайда сегіз мың гектар жерге қызылша егіледі

Алматы облысының Қапшағай өңірінде қант қызылшасын егу науқаны басталды. Көктемгі дала жұмыстарының ойдағыдай жүруіне ауа райы да қолайлы болып тұр. Биыл Қапшағай су қоймасының жағалауына жақын орналасқан егістік алқаптарының аумағы ұлғайып отыр. Өйткені біраз жылдан бері игерілмей бос жатқан жерлер шаруалардың игілігіне  берілді. 

Биыл Қапшағай өңірінде 8 мың гектар жерге қант қызылшасы егілмек. Қазір өңірдегі сервистік даярлау орталығы көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қажетті агротехникалары сақадай сай. Қапшағай су қоймасына  жақын орналасқан 150 гектар бос жатқан жер егінге дайындалып, тыңайтыла бастады.

Айбек Ботай, сервистік даярлау орталығының басшысы:

- Жиырма төрт адам жұмыс істейді қол астымда. Бүкіл техниканың барлығы жаңа. Бәрі ыңғайлы, қолайлы. Болашақта тағы да келер жылдары 300 гектарға көтерсек па деп отырмыз қант қызылшасын.

Сервистік даярлау орталығы франциялық жоғары сұрыпты қант қызылшасының тұқымын таңдаған.

Диқандардың айтуынша, жергілікті топыраққа жақсы бейімделген. Өнімділігі де жоғары. Былтыр әр гектардан орта есеппен 47 центнерден тәтті түбір жиналыпты.  

Артем Цищь, механизатор:

- Мынаның өзінің витамин мынаның бәрі. Өзі солай. Өзінің нәсібі өзінде әйбат.

Өңірдің шаруа қожалықтары үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологиясы, топырақ құнарын сақтау, өсімдікті зиянкестерден қорғау, субсидиялау ережелерін түсіндіру мақсатында үш рет онлайн жүйесінде агрооқу өткізілді. Десе де, былтыр өңірде қуаңшылық болып, диқандар су тапшылығын сезінген еді. Биыл су сорғыш құрылғыларын жөндеп,  суару жүйесін қалпына келтірудің арқасында жазда су жеткілікті болады дейді мамандар.

Нұрлан Құматаев, Қапшағай қаласының әкімі:

- Биыл осы жерлерді біз шаруа қожалықтарына қайтып тапсырып, жұмыс істеймін дегендерге беріп жатырмыз жерді. Содан кейін бұл жерде су мәселесі бар. Қазір мына жерде 5 насосный станция бар. Қазір біздің тұрған жеріміз бұл бесінші насосный. Осы жерде 2240 га жеріміз бар. Соның мысалы 140 га суарылған болса, былтыр тағы 5-насосныйды күрделі жөндеуден өткізіп биылға мың га артық жерлерді суғаруға шамамыз бар.

Дала жұмыстарын жүргізу мақсатында барлық ауыл шаруашылық қожалықтарына 250 тонна жанар-жағармай бөлінген. Ол арзандатылған бағамен, яғни әр литрі 165 теңгеден беріліп отыр. Жылпы биыл Қапшағайда 14 мың гектарға жуық егістік жер игіреледі деген жоспар бар. 

Авторлар: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев