Алматы облысының Көксу ауданына тоғыз блокпост қойылды

Бақылау бекеттері таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Ондағы полиция және жергілікті атқарушы органдардың мамандары әрбір ауылдық округке кіріп шыққан көліктер мен жүргізушілерді тіркеп жатыр. Және жолаушылардың дене қызуын өлшеп тексеруде.

Ал сырттан келгендерге елді мекенге кіруге тыйым салынған. Сала жауаптылары осылайша тұрғындардың барыс-келісін уақытша шектемек. Сақтық шараларын күшейтуге аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуі себеп болған. Мәселен, өткен тәуліктің өзінде аудандағы 12 адамнан коронавирус ауруының белгілері анықталды. Соңғы екі аптадағы өсім көрсеткіші 1,6 дан 2,2 процентке жеткен. Яғни сәуір айында 128 адамның сырқатқа шалдыққаны расталып отыр. 

Мәншүк Әжиева, Көксу ауданының бас санитарлық дәрігері:

- Көксу ауданы бойынша 142 жағдай тіркелді. Наурыз айымен салыстырып қарасақ, наурыз айында 85 жағдай тіркелді. Ал сәуірдің бірінші аптасында 84 жағдай тіркеліп отыр. Індет өршіп тұрғаннан кейін осындай қаулы қабылданды.