Үш жылда елордада әлеуметтік пәтер саны тоғыз есе өседі

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында әлеуметтік пәтерлер саны артқанын, Алматы ауданында бірқатар мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Елорда аудандарын «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында дамытып жатырмыз. Аудандар полиорталық қағидатына сай дамуда, яғни қажетті әлеуметтік нысандар жаяу қашықтықта орналасқан.

Бүгінгі таңертеңгілік аралау барысында бірқатар жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үй құрылысының барысымен таныстым. Әлеуметтік тұрғын үй Алматы ауданында орналасқан. Тұрғын үй кешенінің бірінші қабаттарында оңалту орталықтары, балабақшалар, балаларға арналған үйірмелер және т.б. әлеуметтік нысандар ашылады.

Алматы ауданында бірқатар мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл бір мезгілде жаңа ТК тұрғындарының оқушы орындарына деген қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.

Үйлердің сапасына, абаттандыруға ерекше назар аударуды, құрылыс қарқынын төмендетпеуді тапсырдым. Сапасыз жұмыс қабылданбайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үй көлемін ұлғайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл көрсеткішті 10 мың әлеуметтік пәтерге дейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 9 есеге артады.

2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер салынып, пайдалануға берілсе, өткен жылы 7 мыңнан астам пәтер салынды», – деп жазды қала әкімі.