Елордада 168 бөлмелі жатақхана құлауы мүмкін – тұрғындар осылай шағымдануда

«Елордада жатақхана қаусап, құлағалы тұр». Тұрғындар осылай деп шағымданып, жандарын шүберекке түйіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен ғасырда салынған баспананың төбесінен су ағып, электр желілері әбден тозған. Жұрт «төбеден су сорғалаған сайын тоқ соғады», дейді. Бұл жағдайға әкімдіктің жауабы қандай? Жатақхана жөнделе ме? Әлде біржола сүріле ме?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Бұл – бас қаладағы Потанин көшесі 14/1 мекенжайы бойынша орналасқан жатақхана. 1970 жылдары салынған. Содан бері...

Содан бері бұл үй жөнді түзу жөндеу көрмеген. Қаусап, тесіліп жатқан жатақханада ұзын-ырғасы 168 бөлме бар. Елордада осындай күйде үй бар дегенге адам сене ме?!

Көрдік те сендік. Тұрғындардың шағымы бекер емес екеніне көз жеткіздік. Жә. Аралап жүріп байқағанымыз, «шылым шегуге болмайды», «қоқыс тастамаңыз» деп жазып қойған екен. Бірақ жатақханада одан бетер проблема жетіп артылады. Су аға, аға қабырғалары әбден сарғайып кеткен. Шұрық-тесік көп. Электр желілері салбырап тұр. Тұрғындар «тіпті бөлмемізде тарақан, түрлі кеміргіштер қаптап кетті», дейді.

Эльмира Агишева, қала тұрғыны:

- Жертөленің іші мынадай су. Тышқандар бар. Қазір егеуқұйрықтар үйде жүр білесіздер ме?! Тышқандар жүр, егеуқұйрықтар. Енді өзіңіз біліп отырсыз, XXI ғасырда мынадай үйде тұрған енді масқара ғой.

Жертөлеге жұрт кіре алмайды. Айтуларынша, пәтер иелері кооперативінің жетекшісі есікті құлыптап, кілтін алып кетіп қалған. Қарасын да көрсетпейді екен. Содан халықтың шағым, тілегін арқалап, әкімдікке бардық. Бөлім басшысы биылғы жазда жатақханаға сараптама жүргізілетінін айтты. Ескірген үйдің ендігі жағдайы сол тексерістен соң белгілі болмақ.

Андрей Марченко, Сарыарқа аудандық әкімдігінің бөлім басшысы:

- Егер үйдің негізгі бағандары жақсы күйде тұрса, қалған бөлігі жөнделеді. Ал, жоқ, жатақхананың 61%-тен астамы жарамсыз деп танылса, онда ол үй ведомствоаралық комиссияның карауына ұсынылады. Нақты шешімді сол комиссия шығарады. Яки жатақхана жөнделеді немесе сүріледі. 

Андрей Марченко айтады. «Бұл тозып тұрған жалғыз үй емес». Бас қаладағы бір ғана Сарыарқа ауданының өзінде 49 үй апатты деп танылған. Ал, Потанин көшесіндегі жатақхана елуінші бола ма жоқ па, ол жағы әзірге беймәлім. Бір анығы, тұрғындар үреймен отыр. 

Авторлары: Қорған Қонысабайұлы, Нұрғали Мамырбаев