Ақтөбе облысында салықтан жалтарған көлік иелерін іздеу басталды

Бүгінде өңірде 42 мың жеке тұлға темір тұлпарының міндетті төлемін өтемеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Берешектің жалпы сомасы 700 млн теңгеге жеткен. Борышкерлер арасында бірнеше жыл салық төлемей, қарызға батқан тұрғындар да бар. Мәселен, жол талғамайтын қымбат көліктің иесі бір млн теңгеден астам қаржы төлеуі тиіс. Қазір оған қатысты іс сот орындаушыларына жолданды. Негізі көлік қожайындары 1 сәуірге дейін салықтан құтылуы тиіс еді.

Қаламқас Бердібаева, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:

- Салық берешегі 2 сәуірден бастап төлемеген жағдайда өсімпұл өтейді әр төлемеген күн үшін. Және бес күн ішінде хабарлама шығады. Сол хабарлама жолданғаннан кейін төлемеген жағдайда 30 жұмыс күн ішінде салық бұйрығы шығып, оны біз мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларға жолдаймыз.