СҚО-дағы Сергеев су қоймасы тасыды

Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасы тасыды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге бөгеттің үстімен Есіл өзеніне ағып жатқан судың деңгейі төмен. Бұл тасқынның басы ғана. Қазір еріген қар суынан өзен-көлдер көтеріліп, мұз кептелістері байқалады.

«Күннің күрт жылынуынан жер жібіп, ылғалды жақсы сіңіріп жатыр», - дейді мамандар. Өңірде көктемгі тасқынға байланысты ескерту жарияланды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері су басуы мүмкін деген 79 ауылды бақылауға алды.

Қымбат Мерғалымова, «Қазгидромет» МКК СҚОФ директоры:

- Сергеев су қоймасынан ағып жатқан су 10 күннен кейін Петропавлға жетеді. Келесі апта қоймаға тағы да Ақмола облысындағы Калутон және Жабай өзендерінің суы құяды.