Ақсай тұрғындары коммуналдық қызметақы төлеуден бас тартты

Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында жыл сайын қоқыс мәселесі жыр болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы жылдары коммуналдық кәсіпорындар бірнеше рет ауысқан. Қоқысқа қатысты түйткіл әлі түбегейлі шешілген жоқ. Сондықтан тұрғындар қызметақы төлеуден бас тартып жатыр.

Осыдан бірер жыл бұрын Бөрлі ауданының орталығын қоқыс басып қалды. Оның үстіне тұрмыстық қатты қалдықтар полигонынан жиі өрт шығып, шаһар түтінге тұншығатын. Кейін жағдай біраз реттелген еді. Әйткенмен, ескі әуен қайта басталды.

Салауат Әбілқайыров, Ақсай қаласының тұрғыны:

- Мына қоқысты уақытында жинамайды. Мына жерде үйіліп қалады, шашылып жатады. Бақылау жоқ.

Адия Қанаева, Ақсай қаласының тұрғыны:

- Мына жерге айналаның бәрі алып келеді қоқысты. Бүкіл қоқыстың бәрі аулаға ұшады. Мына жерде ит-құстың бәрі жүреді.

Саладағы келеңсіздік салдарынан коммуналдық кәсіпорындар тұрақтамаған. Кейін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлініп, 2 арнайы техника мен 500 контейнер сатып алынған. Қазір қала көшелерін тазарту жұмысымен жаңа компания айналысады. Коммуналдық қызмет құны жан басына 200 теңгеден. Алайда көңілі қалған абоненттердің көбісі ақыны төлеуге құлықсыз.

Ғалимат Исмағұлов, Коммуналдық кәсіпорын директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда біздің компаниямызда 3 қоқыс шығаратын машина бар, 2 манипулятор бар және 1 самосвалка камаз техникасы бар. Күндегісін күнде біздің бүкіл техникамыз шығып жатыр қалаға. Қиындықтарға келсек, ең бастысы – абоненттердің ақша төлемеу қиындығы. Бізден қазіргі таңда 160 миллиондай шығын болып жатыр, ал халық біздің алдымызда 90 миллиондай ақша бережақ.

Саладағы салғырттық пен қаржылық қиындық салдарынан қала қайтадан қоқыс астында қалуы мүмкін. Оның үстіне шаһар іргесіндегі тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны тола бастады. Былтыр желді күні қоқыс шашылмас үшін алаң қоршалды.

Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау орны дайындалған. Алайда...

Дастан Ақмамбетов, аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Ол сұрыптау алаңы әзірге жұмыс істеп тұрған жоқ. Біздің тұрмыстық қатты қалдықтарды сақтау полигоны коммуналдық кәсіпорынның теңгерімінде тұр. Енді жаз айларында мына тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бойынша жұмыстарын жандандырады. Негізінен пластик бутылкаларды жинау. Сонымен қатар пресс сатып алынды. Сол пресспен пресстеліп, сосын әрі қарай Орал қаласына немесе Ресейге шығару жөнінде схемаларын жасап жатыр.

Ал жаңа полигонға 40 га жер қаралған. Қолайлы аумақты анықтауға ұзақ уақыт жұмсалғанын айтады әкімдік өкілдері. Биыл тиісті құжаттар мемлекеттік сараптамаға жолданады. Жоба 2 млрд теңгеге жуық қаражатты талап етеді екен. Бұл бастама мақұлданған күннің өзінде қаржы екі-үш жылдан қарастырылады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов