Операциядан кейін мүгедек болып қалдым – ақтаулық тұрғын

Ақтаулық Аманбек Қожықбаев арнамызға хабарласып, осындай шағымымен бөлісті.

Азамат 2016 жылы портал арқылы ауруханаға жатып, жүрегіне ота жасатады. Екі жылдан кейін дененің кесілген жеріне сары су жиналып, клиникалық өлім жағдайында ауруханаға қайта түседі. Бір аптадан соң үйіне шығарылған. Содан бері құзырлы мекеме табалдырығын тоздырып, қате диагноз қойған дәрігерлерді жазаға тартуды сұрап жүрмін дейді.

Аманбек Қожықбаев 59 жаста. Кезінде ауруханаға өз аяғымен барып қаралған. Қазір қозғалысы күн санап қиындап бара жатқанын айтады. Айтқан сөзін ұмытып, тұтығатын болған. Сәл қимылдаса, аяқ-қолы дірілдеп қоя береді.

Аманбек Қожықбаев, қала тұрғыны:

- Клиникалық өлімге ұшырағаннан кейін ми шөлдейді екен. Миға зақым келген. Орталық нерв жүйесі бұзылады. Содан ауырып келе жатырмын. Далаға шықсам сүрініп, жығыламын. Суға түсе алмаймын, үйдегі адамдар түсіреді.

Миуа Берікбаева, А.Қожықбаевтың жұбайы:

- Дұрыс жасамағаннан сол клапанға операция жасалды. 3 айға жақындап қалған кезде демалу қиын болып, ауырып бастады. Сол кезде оны аурухағаға жатқызып, суды алған жағдайда бұл клиникалық өлімге ұшырамайды екен. Асқазаны ауыратыны бар еді. Соларды емдеп, бізді шығарып жібереді. Терапия жағынан емдейді. Ал неврологияға, кардиологияға жатқызбаған мұны. Сол дұрыс емес екен. Кейін білдік.

Науқас азамат операциядан соң жүргізілген дәрігерлік тексерулердің неврология емес, тағы да терапия жағынан өткізілгенін айтып отыр. Онда да өзін шақырмай, медкартасын қарау арқылы сау адам етіп қорытынды шығарған. Осы ақпараттың өтірік-расын білмекке №2 қалалық емханаға бардық.

Хадим Меңдіханов, Ақтау қалалық №2 емхана бас дәрігерінің орынбасары:

- Бұл қате. Қолымыздан келгенінің бәрін істеп жатырмыз. Емхана деңгейінде. Анализін алып жатырмыз. Мамандарға қаратып жатырмыз, бізбен басқа не керек?! 2017-2018 жылдан бері қарай шағым жасап келе жатыр үстімізден. Сондықтан біз бірінші болып бөлеміз дәрілерді. Келеді де дәрісін алып кетеді. Бірақ сол үнемі ренішпен жүреді. Астанаға баруға кеңес бердік. Ол барам деді. Бірақ жолымның ақысын төлейсіңдер. Содан мен ауруханада жатқан кезде жұбайым пәтерде жатады. Сол пәтердің ақшасын да төлейсіңдер деді. Біз жолының ақысын беруге келістік. Ал пәтерін шеше алмадық, өйткені ол біздің құзырымызда емес. Содан кейін олар барған жоқ.

Аманбек Қожықбаев былтыр қалалық сотқа 4 рет талап арызбен жүгінеді. Оның бірі – бұған дейінгі сараптама қорытындысының күшін жойып, тәуелсіз сарапшы шақырту. Сондай-ақ аймақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті 1 млрд теңге көлемінде моральдық зиянды өтеуі сұралған. Алайда бұл шағымдар арызданушы тараптың пайдасына шешілген жоқ.

Рақымжан Бисенов, Ақтау қалалық №2 сотының төрағасы:

- Негізсіз болуына байланысты. Қожықбаев аталған шешімдерге орай аппелияциялық сот алқасына шағыммен жүгінді. Алайда аппелияциялық сот қаулыларымен шешім өзгеріссіз қалдырылды. Қанағаттандырусыз. Ол енді кассациялық шағым бере алады, бірақ бүгінгі күнге ешқандай мәлімет жоқ.

Айта кетейік, Қожықбаевтың талап арызы негізінде 2019 жылдың 6 қыркүйегінде тәуелсіз сараптама жасалады. Оны жүргізген профессор Жанұзақов науқасқа медициналық көмек көрсетуде кемшілік бар екенін жоққа шығарған.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев