Қарағандылық фермерлер құстың қиымен қаржы тауып отыр

Абай ауданындағы агрофирма өкілдері осыдан бірер жыл бұрын тауықтың биоқалдықтарынан газ алуды қолға алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір биогаз станциясының өндірістік қуаты 70-80 процентке жетіпті. Нәтижесінде құс фермасы толықтай аталған станция есебінен жылытылып, ток көзін алады. Алдағы екі жылда ескі қоралар жаңғыртылып, өндірісті 100 процентке жеткізу жоспары бар. Онда жылдық қуат шамамен 9 миллион киловатқа жетеді. Себебі мемлекет тарапынан «жасыл энергия» жобасына субсидия бөлініп, 1 киловатына 40 теңге төленуде. Ферма болса қазірдің өзінде, ай-сайын кемі 350 мың киловат энергия өндіреді.

Юрий Кузьмин, құс фабрикасы директорының орынбасары:

– Экологияға шығарылатын зиянды қалдықтар саны едәуір азайды. Бұрын бір миллионға жуық құстан тәулігіне 180 мың тонна қи шығарылатын. Оны төгетін жер таба алмай қиналатынбыз. Ал қазір станцияға салып, биогаз етіп шығарамыз, одан қалған қалдықты бау-бақшаға қажетті тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Мемлекет тарапынан берілген қолдау экологияны сақтауға мүмкіндік беріп отыр.