Сатып жіберген көліктің салығынан қалай құтылуға болады?

Биыл 1 сәуірге дейін ел азаматтары көлік салығын төлеу керек еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда жұртшылық келген салықтың бұрын сатып жіберген көлікке тиесілі екеніне шағымданып, оны төлеуден бас тартып жатыр. Көпшілік мемлекеттік кірістер органдарының табалдырығын тоздырып, өз мәселесін шешумен әлек.

Дияр Нұғыманов та солардың қатарында. Ол өзінің автокөлігін былтыр есептен шығарып, сатып жіберген. 130 мың теңгені құраған салықты да төлеп тастады. Жақында Диярдың телефонына сол техникаға тағы 220 мың теңге қарыз төлеу қажет деп хабарлама келіп түсті.

Дияр Нұғыманов, қала тұрғыны:

– Мен бұл көлікті сатып, есептен шығарғанмын. Салығын төлеп тастадым. Қолымда оны растайтын құжаттар да бар. Жақында 5 айға салық төленбеді деген деген смс-хабарлама келді. Бірақ салығы төленбеген көлікті есептен шығаруға болмайтыны белгілі емес пе?

Салық органдарының мәлімдеуінше, мұндай оқиғалардың басым бөлігі көлікті сенімхат арқылы сатумен байланысты.

Әлібек Әбділов, ҚР мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз хатшысы:

– Мұндай шағымдар бізге тұрақты түрде түсіп отырады. Және олардың барлығын тексеру барысында осы шағымдардың 99 проценті көлігін сенімхат арқылы сатқандар. Демек сенімхат арқылы сатса да, бұл көлік иесі сол кісі болып қала береді. Оған салық пен өсімпұл есептелініп отырады. Өйткені жыл сайын бұл салықты төлемеген.

Ал егер темір тұлпарды заңға сәйкес есептен шығарсаңыз, онда бұл мәселені тез арада шешуге болады.

Дариға Ташенова, тілші:

– Ол үшін салық органдарына барудың қажеті жоқ. Тек ұялы телефонға «Е-салық Азамат» мобильді қосымшасын жүктеп алған жеткілікті. Мұнда мәліметтерді түзету қызметін қолдана отырып, жалған ақпаратты жоюға болады. Ол үшін көліктің сатылып кеткенін растайтын құжаттардың суретін салу керек. Кейін салық органдарының қызметкерлері бұл өзгерістерді базаға енгізеді. Сол мезеттен бастап азаматтарға сатылып кеткен көлікке салық төлеу туралы ақпар келмейді.

Қызметтің бұл түрін пайдалану үшін ең алдымен мобильді азаматтар базасында тіркелген жөн. Жыл басынан бері 9735 адам «Е-салық Азамат» қосымшасы арқылы өзінің атындағы ескі көліктерден құтылды. Ал қолданыстағы техника үшін салықты уақытылы төлеу керек дейді мамандар. Әйтпесе өсімпұл сомасы күн сайын артып отырады.

Әлібек Әбділов, ҚР мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз хатшысы:

– Салық кодексіне сәйкес өсімпұл әрбір өткізілген күн үшін есептеліп отырады. Қазақстандықтар 2020 жылдың салығын 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін төлеу керек болатын. Асатын болса, екінші сәуірден бастап оларға өсімпұл есептелініп отырады. Бұл әр күнге есептелетін мәселе. Мысалы, 10 мың теңге көлеміндегі салық болса, салықты өткізу уақыты 30 күн болса, онда айына өсімпұл шамамен 100 теңге болып есептелінеді.

Дияр Нұғыманов өз көлігін сенімхат арқылы сатқан жоқ. Белгілі болғандай, оның төлеген салығы әлі мемлекеттің қазына түспепті.

Енді кейіпкеріміз мемлекеттік кірістер департаментіне баруға мәжбүр. Егер мәселе шешімін таппаса, салықты қайтадан төлеуге тура келеді дейді ол.

Дариға Ташенова, Нұрғали Мамырбаев, Арман Ақшабаев