Ақтаудағы ойын-сауық орталығында вакциналау пункті ашылды

Ақтаудағы ірі ойын-сауық орталығында көшпелі егу бекеті ашылды. Дүкен аралауға келген халық енді осы жерден де екпе салдыра алады.

Мұнда дыбыстық құрылғылар арқылы кез келген азаматтың вакцина ала алатындығы хабарланып жатыр. Бар-жоғы жеке куәлігі болса болғаны. Дәрігерлер әр адамның денсаулығын тексеріп, қызуын өлшейді. Мұнан соң ресейлік «Спутник V» препаратының І-компонентін егеді. 21 күннен кейін қайта салдыру қажеттігі ескертіледі.

Ақ халаттылардың айтуынша, алғашқы сағаттың өзінде 30-ға тарта адам вакцина алған.

Игорь Лекарев, қала тұрғыны:

- Бұл біздің барлығымызға да керек. Дерт жұқтырмаудың бір жолы вакцина салдыру. Дәрігерлерге рақмет, барлығын түсіндіріп жатыр. Алғашқы екпені алдым. Ендігі демалыс күндері мұнда отбасыммен бірге келеміз деп айттым. 

Татьяна Хайитова, дәрігер:

- Бүгін екпе салынған адамдарды 21 күн өткен соң осы жерден күтеміз. Егу шаралары күндізгі 12-ден басталды. Әр адамға препарат жайлы ақпарат жазылған жадынама таратып жатырмыз. Ағзаға қандай жанама әсерлері болуы мүмкін және ондай сәтте не істеу қажеттігі жазылған.