Ковид өршуімен қатар отбасындағы зорлық-зомбылық ушығып тұр

Коронавирус өршігенде отбасындағы зорлық-зомбылық та көбейген. Қылмысқа барғандардың 81%-і жұмыссыздар екен. Жыл басынан бері 68 мыңнан астам қылмыс тіркелсе, оның екі жүзден астамы тұрмыста болған жағдай. Зардап шеккендердің жартысынан көбі әйелдер. Отбасында зорлық көрген жандар кімнен көмек күтеді? Заң не дейді? 

54 жастағы әйел өз күйеуін пышақтап өлтірді. Алматы облысы Шамалған станциясының тұрғыны мас күйеуінен қорғанамын деп, қолын қанға бояды. Полиция мәліметінше, күдіктінің күйеуі түнде ішіп келіп, сабай бастаған. Әйел қолындағы пышақты тартып алып, қарсы қолданған.

Ернар Сайділдин, облыстық ПД ресми өкілі:

- Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптама тағайындалып, оқиға зерттелуде. Тергеу қорытындысына сәйкес жан-жақты құқықтық баға беріледі.

Құқықтық баға қалай беріледі? Жылдар бойы қорлық көрген шарасыз әйелдің қорғанғаны ескеріліп, бір жеңілдік жасала ма? Әлде заңда көрсетілген бап бойынша қатаң жаза кесіле ме? Қазір «кісі өлтіру» бабымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Адвокат Әсел Тоқаеваның айтуынша, кісі өлімі болған жағдайда бәрін дәлелдеп шығу оңай емес. Тергеу жан-жақты жүргізілуі тиіс. Психологиялық сараптама жасалып, айғақ заттар алынып, әйелдің шынымен де қорғанғанын дәлелдеу маңызды.

Әсел Тоқаева, адвокат:

- Кісі өлтіру қылмысының болғаны рас. Ол адам өз ажалынан емес, біреудің қолынан өлді. Сондықтан тергеу қызметі бұл істі зорлықпен жасалған қылмыс ретінде 99-баппен тіркейді. Яғни ауыр және аса ауыр қылмысқа жатады. Санкция бойынша күдікті қамауға алынады. Кейін тергеу бұл қылмыстың қалай жасалғанын тексереді. Қасақана өлтірді ме, немесе қорғану мақсатында абайсызда болды ма. Абайсызда деп шешсе, бап өзгеруі мүмкін.

Заңгердің айтуынша, күйеуі қол көтеретін әйел қылмысқа бармауы үшін алдын ала әрекет етуі керек. Учаскелік инспекторға шағым жасап, өз құқығын қорғағаны жөн. Полицияға арыз жазып, кейін қайтып алатындар көп. Салдарынан не өзі зардап шегеді, не қорғанамын деп қылмыс жасайды. Ал әйелін ұрып-соғып, қорлық көрсететіндер 15 тәулікке қамалады немесе шектеу шараларымен құтылады. Сондықтан заңды қатаңдату маңызды дейді. Елімізде әйел мен баланы қорғайтын қырықтан астам орталық бар. Жүздеген әйел «аналар үйін» паналап жүр. Алматыдағы «Араша» орталығында соңғы 3 жылда 400 әйел тұрған.

Маргарита Өскембаева, «Қазақстанның тең құқық және мүмкіндіктер институты» ҚҚ президенті:

- Олардың 40 проценті күйеуіне немесе бірге тұрған адамына қайта қосылады. Мұның себебі де әртүрлі. Баспана мәселесі бар. Әрі сол адамға әбден үйреніп қалғандықтан қайтып барады. Немесе ортада бала болғандықтан амалсыз қосылады. Баланы жалғыз баға алмаймын деген қорқыныш болады. 

Мемлекет басшысының бастамасымен, әйел мен баланы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын арнайы жасақ қайта құрылады. Онда әйел тергеуші көп болады. Елімізде жыл сайын әйелдерге қарсы 2 мыңнан астам қылмыс жасалады. Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 5 процентке дейін көбейген.