Елордада әлеуметтік осал топпен жұмыс істейтін сегіз орталық ашылды

Елордада жыл басынан бері әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейтін сегіз орталық ашылған. Мұндай орындар әуелі көпбалалы аналар мен ерекше қажеттіліктегі жеткіншектерді тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қажет. Орталықтардың мақсат-міндеті не? Қандай бағытта жұмыс істейді?

Жанар Баймұхамбетова алтын құрсақты ана. 9 баланы дүниеге әкелген ол қазір осы орталықтағы тігін цехында еңбек етеді.

«Тапқан табысым бала-шағамды асырауға жеткілікті», - дейді көп балалы әйел.

Бұрындары жұмыссыз жүрген Жаннаны өзі секілді аналар осында шақырған. Қазір «екі қолға бір күрек» ұстаған ол, қыз жасауы мен түрлі бұйымдар тігуді қолға алған.

Жанар Баймұхамбетова, көп балалы ана:

- Ешқандай жұмыстан қашпаймыз. Қандай жұмыс болса, соны істеуге тырысамыз. Бұл жердің біздерге берері өте көп. Неге десеңіз, бұл жер алтын құрсақты аналарымыз бас қосатын жер. Содан кейін біз бір-бірімізге көмектесе аламыз. Сөзбен болса да іспен болса да. Қолымыздан келетін қазақ қол өнерін жоғалтпау. Екіншіден, Қазақстанда отандық өнімді дамыту.

Әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейтін бұл орталықта оннан аса ана жұмыс істейді. Олардың әр қайсысына жүктелген өз міндеті бар. Бірі тігін тіксе, енді бірі дайын өнімді өткізумен айналысады. Қазір көп балалы аналардың қолынан шыққан заттарға сұраныста бар.

Алида Отарбаева, орталық жетекшісі:

- 9-10 баласы бар аналардың біразы осында жұмыс істейді. Білмей келген аналарымызды тігінге үйретіп жатырмыз. Көшеге шығып, үкіметке қол жайып жүргенше өз нәпақамызды табайық деп шешім қабылдадық. Бір жыл бұрын ашылған қоғамбыз. Ақырындап жұмыс бастап жатырмыз. 

Ал алтын құрсақты аналар жұмыста болған кезде олардың ұл-қыздары үйде білім мен тәрбиеден алыстамас үшін арнайы білім беру орталығы да ашылыпты. Қазір мұнда 90 нан астам бала келіп білім алады. Ағылшын тілі мен домбыра тартуды үйренгісі келгендердің қатары көп дейді осы орталықты құрған Ұлжан Мырзагелдиева. Көп балалы ана мемлекетттің қолдауының арқасында осы әлеуметтік жобаны қолға алғандығын айтады.

Ұлжан Мырзагелдиева, білім беру орталығының басшысы:

- Оқу орталығының басты мақсаты көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беру. Мұндай отбасылардың балаларына көмек беру себебіміз олардың жағдайы қосымша оқытуға жағдайы келе бермейді. Біз қолдап, карантин талаптарын сақтай отырып балаларға жағдай жасаудамыз.

Әсем Мәметхан, оқушы:

- Біз үйде 5 баламыз. Менің осы жерге келіп оқып жатқаныма 2-3 ай болды домбыраға.Қосымша ағылшын оқимын. Маған ұнайды бұл жерге келген. Жақсы түсіндіреді.

Қазіргі таңда елордада ашылған 8 орталықта жүзден аса қыз-келіншектер жұмыспен қамтылыпты.Ал мамандығы сай келмейтін кейбір көп балалы аналар қайта даярлау курсынан өткен.

Дәурен Бабамұрат, қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Жұмыстың ең негізі бұларға балық бермей қармақ беру. Жұмыспен қамтамасыз ету. Бұл өздерінің ынтасы, әкімдіктің емес. Солардың ынтасын жүзеге асырып, солардың бастамаларын қолдап кей жерлерде ғимаратпен көмектесіп, жиһазбен көмектесіп кей жерлерде ақылмен бағыт беріп осы орталықтардың жандануына көмектесіп жатырмыз. 

Мұндай орталықтардың жұмысын жүйелендіру үшін алдағы уақытта «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету жобасы жоспарға алынған. Ең бастысы халқымыздың санын көбейтіп, демографияға үлес қосқан алтын құрсақты аналар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырғандар қандай бір көмекке мұқтаж болмаса игі. 

Авторлар: Нұрбек Байбосын, Асхат Қарақойшиев