429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда ковидпен науқастанған 110 адам бизнес нысандарға кірмекші болған

  • 130
  • UPD: 23:14, 14.04.2021

Алматыда 121 адам бизнес нысандарына кіре алмады. Оның 110-ы ковид жұқтырған. 11-і қауіпті індетке шалдыққандармен байланыста болған. Бұл деректі Ашық қосымшасы анықтап берді. Әзірге бағдарламаға мегаполисте 300-ден аса орта және шағын бизнес нысандарында жұмыс істейді. Олардың қатарында фитнес орталықтары мен СПА салондары, боулинг және компьютерлік клубтар бар. 

Бұл жаттығу залы Ashyq қосымшасын алғаш болып қолдағандардың бірі. Бағдарлама ақпан айында пилоттық жоба ретінде енгзілген кезден қажетті құрылғыларды орнатып алған. Содан бері келушілердің статусын өздері біліп отырады. Мәселен, осыдан екі күн бұрын бір жас жігіт жаттығу залына кірмек болған. Ол ауырып жүргенін ешкімге айтпаған. Тек Ashyq арқылы QR-кодты сканерлегенде «қызыл статусы» анықталған. 

Данияр Қожабеков, жаттығу залдары желісінің директоры:

- Бір жас жігіт келді. Ашық қомсымшасымен сканерлеуді өтіндік. Ол да ештеңе демеді. Өтінішімізді орындады. «Статусы қызыл» болып шықты. Сыртынан қарасаңыз ауырып жүргені байқалмайды. Өзі де мұндайды күтпесе керек, бірден кетіп қалды. Біз ол туралы тиісті жерге хабарлап, ғимаратты түгелдей залалсыздандырып шықтық. Онымен сөйлескен әкімші де ПТР тест тапсырды. Абырой болғанда, нәтижесі теріс шықты. 

Бұл ғана емес Ashyq  төрт күн ішінде Алматыда дәл осындай 121 адамның статусын анықтап берген. Олар дәрігердің кеңесін тыңдап, үйлерінде болуы тиіс еді. Дегенмен, қауіпті вирус жұқтырғанын біле тұрып, көпшілік баратын жерлерге кіруге ұмтылған. Барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады.

Сәдуақас Байғабылов, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Әрине мұның бәрі бизнес нысандарының жұмыс істеуі үшін жасалып отыр. Оның үстіне бұл жоба «қызыл» және «сары аймақта» жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жаттығу залына, боулингке, компьютерлік клубқа болсын, осы  Ashyq  арқылы кірсе онда ол адамның өзі де, сол жердегілер де ауру жұқтырмайтынына сенімді болады. «Қызыл статус» ковид, «сары» вирус жұқтырған адаммен байланыста болған, көк байланыста болғанымен ПТР нәтижесі теріс шыққандар, ал жасыл ешқандай ауру белгісі жоқ дегенді көрсетеді. 

Дегенмен, қазір қала тұрғындары барлығы дерлік Ashyq қосымшасы жайында біле бермейді. Енді бұл бағдарламаға кинотеатрлар, театрлар, караоке, концерт залдары да шетінен енгізіле бастайды. Мамандар сол кезден халық толығымен хабардар бола бастайды деген сенімде.

Айта кетейік, кез келген адамның ПТР тест  қорытындысы  Ashyq жобасында көрініп тұрады. Сондықтан бұдан былай  вирус жұқтырған адамның сайрандап жүруіне жол берілмейді. 

Авторлар: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы