Ақмола облысында тасқын қаупі күшейіп келеді

Соңғы күндері күндіз ауа температурасы 17-18 градусқа дейін көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Астана іргесіндегі аудандарда өткен аптаның өзінде жағдай қиындады. Қоянды мен Қараөткел ауылдарында біраз үйлерге су кіріп, тұрғындар әбігерге түсті. «Қазіргі уақытта ондағы судың көбі арнайы техникамен сорылды», - дейді құтқарушылар. Дегенмен, мамандар енді өзендерден қауіп төнуі мүмкін екенін айтады. Себебі, күннің күрт жылынуынан мұз қабаты бұзылып, су айдындарының жылдам еруі байқалады. Аймақта Есіл, Жабай, Қал-құтан және Нұра өзендері қауіпті болып есептеледі.

Нұрлан Атығаев, облыстық ТЖД бастығы:

- Ең қауіпті аудандар бізде мынау: Целиноград, Аршалы ауданы, Атбасар ауданы, Көкшетау қаласы және Сандықтау ауданы. Біздің күштеріміз, ТЖД күштері және жергілікті атқарушы органдардың күштері қазіргі уақытта дайын.