Қазақстанда «Киік» табиғатты қорғау акциясы басталды

15 сәуір мен 15 мамыр аралығында еліміздің 12 облысында кең ауқымды «Киік» табиғатты қорғау акциясы өтеді.

Іс-шараның бастамашылары Экология, геология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрліктері және Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып табылады. Тараптар ««Киік» табиғатты қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойды,.

Акцияның мақсаты лактация кезеңінде киіктерді қорғауды күшейту, сондай-ақ ел аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың жолын кесу бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады.

Бұйрық шеңберінде акцияны өткізу кезінде құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабы, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді, деп хабарлайды Экология министрлігінің баспасөз қызметі.

Акция барысында құқық қорғау органдарымен бірлесіп киік мүйіздерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл және оларды елден тыс жерлерге шығару бойынша шаралар күшейтілетін болады.

Осы ауқымды іс-шараға 200-ге жуық инспектордан тұратын мобильді топтар, 64 бірлік жоғары өтімді автомашиналар, «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК-ның 12 КУНГ-тары, «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары, сондай-ақ Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелерінің, құқық қорғау органдары мен Шекара қызметінің қызметкерлері жұмылдырылды.

Айта кету керек, 2019 жылы браконьерлік үшін заңнаманы қатаңдату үшін ҚР Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізілді, оған сәйкес заңсыз аң алағаны үшін 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге дейін қатаң жазалар көзделген.

Бұдан басқа, киіктердің санын сақтау және ұлғайту мақсатында 2020 жылы Экология министрлігі ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, Қазақстанның бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын 2023 жылға дейін пайдалануға тыйым салды.

Сонымен қатар, өткен жылдардағы табиғатты қорғау іс-шараларының нәтижелері ақбөкеннің мүйіздерін заңсыз өндіруге сұраныс әлі де жоғары екенін көрсетеді. 2020 жылы Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің инспекторлары киікке браконьерліктің 85 фактісін анықтады. Нәтижесінде 727 ұшаны және 3 489 киік мүйізі тәркіленіп, жалпы шығын 2,4 млрд теңгені құрады.