Түркістан облысында полицейлер заңсыз ойын кеңсесін анықтады

Түркістан облысында полицейлер заңсыз ойын кеңсенін анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне ұялы телефон арқылы бір азамат хабарласып, Жетісай қаласы С.Қожанов көшесі бойында кафенің жанында заңсыз ойынхана ашылып, жұмыс істеп жатқаны туралы хабарлама беріп, полиция қызметкерлерінің келуін сұраған.

Хабарлама бойынша оқиға орнына Жетісай АПБ-нің жедел-тергеу тобы шұғыл жетті. Тексеру барысында ойынхананың ашық тұрғаны анықталған. Ойынхананың ішіне кіріп тексеру кезінде бұл орынның заңсыз істеп тұрғаны анықталды.

Айғақты зат ретінде үш дана теледидар, сегіз дана жүйелік блок, сегіз дана монитор және екі дана чек басып шығаратын кассалық аппараты тәркіленіп алынды.

Қазіргі таңда күдіктінің бас шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатта.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.