Қостанай облысында жемқорлықтың алдын алу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Қостанай облысындағы кейбір мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға атүсті қарайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева осылай деп мәлімдеді. Қоғамдық дерттің алдын алу үшін қазір елде кешенді шаралар іске асырылып жатыр. Соның ең басты тармағы – жемқорлыққа қарсы күреске жалпақ жұртты жұмылдыру.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Қостанай облысында жемқорлықтың алдын алу жұмыстары өз денгейінде жүргізіліп жатқан жоқ. Бұл Тобыл өңіріне арнайы іссапармен келген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің берген бағасы. Мемлекеттік органдарда жең ұшынан жалғасушылықты, заңсыз әрекеттерді алдын-ала анықтап, талдау ісінде немқұрайлық басым.

Жазира Жылқышиева, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі:

- Шынымды айтсам, бұл жақта біз сапалы талдауды көрген жоқпыз. Өйткені 64 мемлекеттік орган мекемелерде жасалыпты дейді, бірақ бірде-бір тәуекелділік табылмау деген, формалды түрде өткізгендігін байқатып отыр.

Облыс әкімі ондай кемшіліктер бар екендігін мойындап отыр. Және оны жоюға барынша күш салатындығын айтты.

Архимед мұхамбетов, облыс әкімі:

- Болашақта сыбайлас жемқорлықтың етек алып кетуі үшін бұл бағыттағы жұмысты күшейтуіміз қажет.

Қазір еліміздің әр өңірінде зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділерін біріктірген «Парасат жолы» орталықтары құрылған. Ондағы мақсат – ел ішінде бармақ басты, көз қыстыға төзбеушілік қалыптастыру, ондай теріс пиғылды туғызатын себептерді жою.

Сәдібек Түгел, республикалық «Парасат жолы» жобасының жетекшісі, жазушы:

- Сатқын жемқорлардың миларында бір-ақ нәрсе, ақша, ақша,тонау, Қазақстанды жеу, одан кейін қашып кету басқа жаққа. Содан біз халқымызды, жастарды сақтап қалуымыз керек. Екінші мәселе – ділді өзгертуіміз керек. Үшінші мәселе «жемқорлықты жою мүмкін емес» дейді. Сол күдікті сейілтіп, көзқарасты өзгертуіміз керек.

Елордалық делегация осы сапар барысында қала, аудандарда болып, мекеме, кәсіпорын ұжымдарымен кездесті.

Авторлары: Мағауия Қалиев , Сергей Трахтенберг