Елордада Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күніне орай жас жұбайлардың некесін қию салтанаты өтті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» күніне орай жас жұбайлардың некесін қию салтанаты өтті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Елімізде 15 сәуірде ғашықтар күні атап өтіледі. Мереке қазақ эпосы «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» поэмасының кейіпкерлеріне арналған. Бұл күн алғаш рет 2011 жылы тойланды. Осыған орай Есіл ауданының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлері елордалық жас жұбайларға неке қию туралы куәлік табыстады.

Салтанатты шара ЕХРО-2017 алаңында «Нұр Әлем» сферасында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізілді. Жастардың қуанышты сәтіне куә болуға келген Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов пен Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Рамазанова құттықтау сөз сөйлеп, жас жұбайларға неке куәліктерін табыстады.

«Осындай шуақты күні елордамыздың төрінде 9 отбасының жаңа өмірге қадам басуына куә болып отырмыз. Осы күнді бекерден-бекер таңдап алмадық. Бүгін халқымыздың аңызға айналған махаббат символы Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні. Адамзат үшін махаббат ежелден бері ерекше сезім. Бүгін отбасын құрған жастардың махаббаты баянды, құрған шаңырақтары берік болсын», - деді Берік Жәкенов.