Атырау облысында шектеу шаралары күшейтіледі

17 сәуірден бастап студенттер мен 1-5 сынып оқушылары қайтадан онлайн оқиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал мектеп бітіретін оқушыларға пәндердің 70 проценті штаттық режимде, қалғаны қашықтан оқытылады. Шаштараздар, сұлулық салондары жұмыс күндері және сенбіде таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Азық-түлік дүкендерінің қызметі таңғы 7-ден кешкі 11-ге дейін қысқартылды. Жексенбіде қоғамдық көліктер қозғалысына тыйым салынады.

Гүлназ Ербатырова, облыстық бас санитарлық дәрігердің орынбасары:

– Сәуір айында аурушаңдық, эпидемиологиялық жағдай көп болып отыр. Аптамен салыстырсақ, 613 жағдай тіркелсе, бүгінгі күннің өзінде 953 жағдай, яғни 1,3 есеге өсіп отыр. Күнде бізде аурушаңдық 110-113 жағдай аралығында тіркеліп отыр. Кешегі күннің өзінде 113 жағдай тіркеліп отыр. Соның ішінде шағыммен келушілердің саны артты. Яғни симптомды түрі. Бұл эпидемиологиялық жағдайдың қолайсыз болып отырғанын көрсетеді.