ШҚО-дағы Үржар ауданының шалғай ауылдары интернеттен тарығып отыр

Салдарынан студенттер еріксіз қалаға барып, пәтер жалдауға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр 10 ауылға мұнаралар қойылып, байланыс және мобильдік интернет сапасы жақсаруы тиіс еді. Алайда Некрасовка, Көктал сияқты елді мекен тұрғындары жағдайдың нашарлап кеткенін айтады.

500-ден астам тұрғыны бар Некрасовка ауылы таулы өңірде орналасқан. Тұрғындар былтыр жыл соңында ұялы байланыс операторлары жаңадан мұнара орнатқанда қуанғанымыз не керек, ол ұзаққа бармады деп шағымданып отыр. Интернет жылдамдығы 2 күн ғана дұрыс істеп, кейін мүлдем нашарлап кеткен. Студенттер мен оқушылар көше қуалап, кейбір нүктеден ғана ғаламторға қосылып жүр. Көбі қалаға кетуге мәжбүр болыпты.

Нұргүл Көшімбаева, Некрасовка ауылының тұрғыны:

- Мұнара бізге құрылды. Құрылғанымен ол істемейді. Балалар жоғары шығып, әрең ұстайды. Сол интернеттің жоқтығынан балаларымыз қалада, міне. Пәтер жалдап оқиды. Студент қасымызда болушы еді. Студенттер көп қой ауылда, еріксіз кетті бәрі.

Бұл туралы жазбаған жеріміз қалмады, алайда еш нәтиже жоқ деп налиды тұрғындар. Біздің анықтағанымыз интернет мәселесі тек таулы аймақтарда ғана емес, жазықтағы елді мекендерде де ушығып тұр екен.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Көктал ауылының тұрғындары да бір айдан бері интернеттен қиындық көріп отырған еді. Еріксіз ауылдағы студенттер Мақаншы немесе Үржарға барып онлайн сабақтарына қатысып жүрген. Бұл бірталай әурешілік туғызды. Дегенмен «Хабар 24» телеарнасының келу құрметіне ме, ол жағы белгісіз. Әйтеуір кеше түнде аяқ астынан интернет қосылып кетті. Дегенмен бұл уақытша нәрсе ме, жоқ әлде тұрақты ма, ол туралы ауыл әкімінен сұрайық.

Нұрым Сәдуақасов, Көктал ауылдық округінің әкімі:

- Интернет желісі құрылған жаңа жылдан бастап 3 ай көлемінде істеп тұрды. Наурыз айының ортасында белгілі бір себептермен өшірілді. Мақаншы ВК РЭК айтуы бойынша, бұлардың құжаттары толыққанды жасалмаған, өткізілмегендіктен, олар өшіруге мәжбүр болған. Содан Теле2 компаниясы құжаттарын жасап, жеке құрылғы қойып, жеке 200 метр кабель тартатын болғандықтан, бұның сметалық қағаздары жасалып, соның ақшалары аударылып, Мақаншыдан мамандар келіп жалғап, бүгін толыққанды іске қосамыз деп отыр.

700-ден астам тұрғыны бар Көктал ауылы да бұл қуаныштың ұзаққа созылғанын қалап отыр.

Болат Демеуханов, Көктал ауылының тұрғыны:

- 10-15-тей студент бар осы жерде. Олардың бәрі тарам-тарам болып оқып жүр көрінген жерде. Оған пәтерге төлейміз, жолымыз ол қымбат. Жол деген жаман, жүрмейді көлік.

Аудан әкіміндегілер интернет сапасының нашарлығын жасырмайды. Алайда нақты шара қолданатын дәрмен болмай тұр. Дегенмен жаңадан қарастырылып жатқан заң жобасы бұл түйткілдің түйінін тарқатуға мүмкіндік береді дейді мамандар.

Жәнібек Қамысбаев, Үржар ауданы әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар бойынша бас маманы:

- Цифрлық даму министрлігі заң жобасын ұсынып отыр. Яғни ұялы байланыс операторлары өздері мәлімдеген жылдамдық талабын орындамаса, айыппұл көбейеді, 10 есе көбейтеміз деп отыр. Менің білуімше, қазір біздің Шығыс Қазақстан бойынша керекті аппараттар алынды, осы жазда инспекторлар келеді деп үміттенеміз.

Былтыр 250+ бағдарламасы бойынша 10 ауылға мұнара қойылса, биыл тағы 9 елдімекен қамтылуы тиіс. Бірақ олардың сапасы қандай болары нақты белгісіз.

Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы