Орал мен Ақсай қалалары арасындағы күре жолдың сапасы сын көтермейді

Республикалық маңызға ие автожол шұрық-тесік, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһардан шаһарға қатынау оңай емес дейді жүргізушілер.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Дәл қазір Орал мен Ақсай қалалары арасындағы күре жолдың бел ортасында тұрмыз. Жол мінекей, шұрық-тесік. Осындай келеңсіздіктің салдарынан көлігіміз жиі сынады деп шағымданады жүргізушілер.

БЛИЦ:

- Шұңқырлар бар, шығып жатыр. Қазір жасау керек. Көлікті сындырады. Түнде жүру мүмкін емес.

- Жол өте нашар. Көліктің дөңгелегін қоймайды. Кілең шұрық-тесік. Шұңқырдан қашамыз деп қарама-қарсы көліктерге соғылып жатады.

Ең өкініштісі, күре жолдың бойында көлік апаты жиілеп кетті. Оқыс оқиғалар салдарынан былтырдың өзінде бірнеше адам көз жұмды.

Мөлдір Сағынғалиева, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы:

- Өткен жылдың сәйкес уақытында бұл тасжолдың бойында 6 жол-көлік оқиғасы орын алған болатын. Бұл жерде 7 адам қаза тауып, 14 адам түрлі жарақат алды. 2021 жылдың басынан бері бір жол-көлік оқиғасы тіркелген болатын. Бұл жерде бір адам жарақат алған болатын.

Полиция департаменті жолды күтіп-ұстауға жауапты мекемеге былтыр 15 кемшілікті жою туралы ұйғарым жолдаған. Республикалық маңызы бар жолдың жалпы ұзындығы – 144 шақырым. Сапасы жағынан 3-санатқа жатады. Ұлттық компания өкілінің айтуынша, бұл жолды жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалған.

Әмір Кәрімбаев, «Қазавтожол» ҰҚ» БҚО филиалының директоры:

- 4 участокқа бөлінді. Соның 3 участогы оң қорытынды алып жатыр. Енді біреуі жақын уақытта сараптамадан өтіп, оң қорытынды алады. Қайта жаңарту жұмыстары шеңберінде 2 жол айырғы салынады, 4 көпір салынады. Сонымен қатар су өткізу құбырлары және елді мекендер жанында мал өткелдері салынатын болады.

Құрылыс жұмыстарын осы жылдың соңына дейін бастау жоспарланған. Ал жоба толықтай 2025 жылға қарай аяқталады деп отыр мамандар. Жол жаңғыртылған соң, сапасы бойынша 2-санатқа ауысады.

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов