«Жасыл» энергияға жарымадық – Төретам тұрғындары

Күн көзінен қуат алатын көше шамы. 7 жыл бұрын Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Төретам кентіне баламалы энергияға бағытталған жарық бағаналары орнатылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда тұрғындар жарқырап тұрған шамдардың жоқ екенін айтады. Бұл іске бюджеттен 217 миллион теңге жұмсалған.

Ұзын-шұбар желілер мен қосымша құралдар қажет емес. Электр энергиясының да керегі жоқ. Тек күннен алған қуатымен түнде төңірекке жарық сәулесін шашуы тиіс. Әуелгідегі бұл жобаның жарнамасы осындай болған. Осылайша Байқоңыр қаласының іргесіндегі Төретам елді мекенінің көшелеріне жүздеген жарық бағаналары қаздай тізіліпті.

Әділбек Өтебаев, Төретам кентінің тұрғыны:

– Бірде біреуі жанбайды. 7 жыл болды. Өтірік айтпайын, өзім есігімнің алдына көмгенін көрдім. Әкелді да бағананы отырғызды. Эксковатормен аккумуляторын әкеліп қойды да, құмды көміп тастап кетіп жатыр. Одан кейін аккумулятор істемей қалды ма, біразы жанбай қалды.

Бұл жобаға тапсырыс берген аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі екен. Құны – 217 миллион теңге. Бұл қаржыға елді мекеннің 27 көшесіне 500-ден астам күннен қуат алатын жарық бағаналары орнатылған. Алайда аты дардай жоба аяқсыз қалыпты.

Жамбыл Болатұлы, Төретам кентінің әкімі:

– Бұл жобаға тапсырыс беруші аудандық ЖКХ бөлімі болып табылады. Бұл жоба бүгінгі күнде 90 процентке дейін іске асып, бұл жұмыстар қабылданбаған. Себебі жоба өзінің нәтижесіне жетпегендіктен. Бұған байланысты тиісті құзырлы органдарға жүгінген тапсырыс беруші арқылы. Әрі қарай тиісті органдар тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіліп, тиісті мердігер мекемесі жосықсыз болып танылған. Бұл бүгінгі күнде сот орындаушылардың өндірісіндегі жоба.

Жергілікті әкімдік қараңғы көшелерді жарықтандыру үшін тағы шығынданып жатыр. Енді бұл бағаналар күнмен емес, кәдімгі электр энергиясымен жанатын болып, қайта жабдықтала бастады.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов