Сұрақ-жауап ойынына қатысып, кітап ұтып алуға болады

Талдықорғанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай тың бастама қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мекемелерге арнайы құрылғы орнатылып жатыр. «Жетісу – оқырмандар мекені» деп аталатын жоба ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған.

Жас ғалым Елдос Тоқтарбай сияқты енді әрбір адам 30 секундта қалаған кітабына қол жеткізе алады. Ол үшін бес сұраққа дұрыс жауап беру керек. Сонда вендинг аппараты таңдалған кітапты шығарады. Құрылғыны жоба жетекшісі шетелдік мамандармен бірлесе отырып, жарты жылда жасаған.  

Ержан Жанұзақұлы, жоба жетекшісі:

- Бізге Ресей және Украина айти-мамандары көмектесті. Қосымша мобильді қосымша арқылы жұмыс жасалып жатыр. Ол құрылғы арқылы кіріп, бес сұраққа жауап беріп, кітабын алып кете алады.

Сандық технология қолданылған автомат жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында құрастырылып отыр. Әрі ұлтымыздың тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттауға бағытталған.   

Дана Дүйсенова, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры:

- Болашақта біз жаңа кітаптар фондын қарастырып отырмыз. Оның ішінде тарихи, географиялық және біздің Алматы облысының аймақтарына қатысты жаңа кітаптар болады.

Интелектуалдық ойынға негізделген мұндай құрылғы Талдықорғандағы үш мекемеге қойылған. Жақын болашақта оның санын арттырып, өзге аудандарға да орнату жоспарланып отыр.  

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов