Елордаға газ тарту жұмысы баяулап тұр

Елордаға былтыр газ келді. Дүйім ел бөркін аспанға атып қуанды. Бас қаламыз ауаға тарайтын зиянды көмірқышқыл газынан арылады дедік. Сөйтсек, Нұр-Сұлтандағы жеке сектордың тек 1 проценті ғана көгілдір отынмен қамтылған екен. Қалғаны қашан? Бұл іс неге баяу жүріп жатыр?

Бүгінде мұндай құбыр «Теміржолшылар», «Автоқалашық», «Көктал-2» тұрғын алабында әр үйден қылтиып шығып тұр. Көктал-1-ге және Оңтүстік-Шығыс алапқа құбыр әлі тартылмаған. Тұрғындардың тілегі кеп тұрған газды үйге кіргізіп алу. Бірақ мұны көптің қалтасы көтере бермейді.

- Айтуларынша, 700-750 мың теңге төлеуге тиіспіз. Оның өзінде газ құбыры толықтай үйге кірмейді. Ал ішке дейін тарту үшін тағы ақша сұрайды. Яғни бір сөзбен айтқанда көгілдір отынға қол жеткізудің машақаты, шығыны көп болып тұр. Тым болмағанда зейнеткерлерге жеңілдік жасап, көмектессе екен.

Қалайша? Әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетіледі деп айтылғаны қайда? Сөйтсек, көмектескен екен. Әкімдік өкілдерінің айтуынша. Тіпті бөлім басшысы нақты сандарды сөйлетіп, дәлелін келтірді.

Мақсат Есмағұлов, қалалық отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

- Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әлеуметтік осал топтарға жәрдемдесіп, жеңілдік жасауы үшін қалалық мәслихат арнайы қаулы қабылдады. Соған сәйкес бір реттік зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған жанұяларға газ тартып алулары үшін 263 мың теңгеден берілді.

Естідік, көмек қаржы төленіпті. Ал тұрғындардың кейбірі ол қаражатты алмадық деп отыр. Әйтеуір іздеп жүріп таптық. Зейнеткер мемлекеттен көмек болғанын айтады.

- Шамамен 250 мың теңгеден берді. Соған газ кіргіздік. Яғни зейнеткер болғаным үшін жеңілдік жасалды.

Осы ретте атап өтейік. Екінші деңгейлі банктердің бірі газ тартып алу үшін процентсіз несие бере бастады. Ал көгілдір отын үшін жұрт қанша ақша төлеп отыр?

- Где-то около 30 /30 тысяч? Ничего себе. Это же много, ну у меня 220 квадратов где-то.

Енді бұл салада да нарық өз талаптарын енгізеді деген сөз. Ал ол ырыққа көнбейді. Мемлекет араласа алмаймын деп басына ала қашады, салдарынан қарапайым халық тағы қымбатшылыққа ұрынуы мүмкін.

Мирас Шекенов, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:

- Біз бұл мәселені үнемі көтеріп жүрміз. Газдың бағасы бір күні нақты бекітіледі деп сенеміз. Қазір көлікке құйылатын газ да қымбаттап барады. 

Жеке секторды толық газдандыра алмаудың тағы бір себебін мердігерлерден білдік. Мамандардың сөзіне сенсек, үй-үйге көгілдір отынды кіргізу кезінде қиындықтарға көп кезігеді екен. Солардың бірі заңсыз құрылыс. Құжатта көрсетілмеген қосымша асүй, от жағатын бөлме сынды нысандардың салынуы. Барлығын заң жүзінде бекіту керек. Сәулет басқармасы осы істе жеделдеткені жөн. Сәйкесінше газ тарту сонда қарқын алады.

Нұрхан Серікбаев, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Қала басшылығының ұстанымы туралы айта алмаймын. Бірақ газды тарту, тиісті рұқсат қағазды берудің бәрі заң аясында жүзеге асады.

Халық айтады: «Егер мұның бәрі алдын ала түсіндірлгенде... Яғни әлеуметтік осал топтарға газ тарту кезінде қаражаттың жартысын мемлекет өтейтіндігі, яки банктерден процентсіз несие берілетіні күн бұрын бірнеше мәрте айтылса, қазіргідей түсініспеушілік болмас еді». 

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Асхат Ниязов