Қостанай облысындағы Ресейге өткізу пункті жабылды

Су тасқынының кесірінен Қостанай облысы мен Ресей арасындағы байланыс үзілді. Шекараның бейтарап аймағында қар суымен араласқан өзен арнасынан асып, Жітіқара ауданы мен Челябі облысын жалғайтын  республикалық трассаның бір бөлігін шайып кетті. Судың беті қайтқанша «Желқуар» өткізу пункті барлық көлік үшін келесі аптаға дейін жабылды.

Жітіқара ауданы мен Ресейдің Мариинск шекара бекеттері арасындағы жолдың қазіргі күйі осы. Іргесіндегі Желқуар өзені алқаптағы сумен араласып арнасынан асты. Қызыл су трассаның 30 метрдей аумағын басып қалды.

Сәкен Әлімбаев, Жітіқара ауданы ТЖБ аға инженері:

- Сол тұста су өткізгіш құбыры бар. Бірақ тасыған суды өткізетіндей оның қуаты жетпейді. Сондықтан көктем сайын оны қазып аламыз. Бұл жұмыстар  жолға келетін зақымның алдын алу үшін жасалып отыр. 

Шайылып кеткен жол бейтарап аймақта. Ал жылда қазылған аумақты ретке келтірумен қазақстандық жақ айналысады. Негізінен шекараны жаппастан жол үстінен көпір салу бастамасы бұрыннан көтерілген. Бірақ мәселенің таяу арада шешілетін түрі жоқ.

Радик Есқалиев, Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары:

- Судың беті қайтқанша шекара жабық болады. Ресейге 150 шақырым жердегі Бейімбет Майлин ауданындағы Орск қаласына шығатын өткізу пункті арқылы өтуге болады. Әрине бұның бәрі халыққа қолайсыздық тудырып жатқанын білеміз. 

Биыл Жітіқара ауданында қар молынан жауды. Көктемде қала мен Забелов ауылында 300-ге жуық үй су астында қалады деген қауіп болған. Осыдан үш жыл бұрын Шортанды өзені арнасынан асып, қаланың ескі бөлігіндегі он шақты үйді шайып кеткен. Тұрғындар жағдай биыл да қайталана ма деп қауіптенеді. 

Елена Кирсанова, қала тұрғыны:

- Кешелі бері қоймадан өзенге су жіберіліп жатыр. Түнде үйімізге кіреді деген қауіп бар. Дәл қазір су бақшамыздың қоршауына дейін жетті.

Жергілікті шұғыл штабтың мәліметінше, дәл қазір су тасудың белсенділігі жоғары деңгейде. Алдағы уақытта бес су қоймасы қор көлемін толтырып алмақ. Мысалы, осы Желқуар қоймасы бүкіл ауданды ауыз сумен қамтиды.

Батырбек Қабиев, «ҚАЗСУШАР» РМК учаске басшысы:

- Бірінші рет ашқанда 10 см аштық. Аз болды. Одан кейін 40, 80 см, 1 метрге.  Қазір мысалы, бір метрдей екі затвор ашық тұр. Ол секундына 130 метр куб су өткізеді. Бір тәулікте 11-12 млн куб су өткіземіз. Қазір деңгейі кішкене кішірейіп бара жатыр. Сосын кішкене жабамыз затворларды. 

Жалпы облыс бойынша қар еріп болды. Өзен-көлдер де мұздардан арылып, жіби бастады. Таяу күндері ауа райының күрт құбылуы байқалмайды. Бірақ бұл қауіп сейілді деген сөз емес. Үш мыңдай адамнан тұратын жедел жасақтар және мыңдаған арнайы техника қауіпті аймақтарды қатаң бақылауда ұстап отыр.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров