Ұйымның ашылу салтанаты Токиодағы Қазақстан Елшілігінде өтті. Күн шығыс елінде отандастырымыз көп емес. Олардың арасында жапон жерінде білім алып, қызмет бабымен жүргендер де бар.
Жапонияда 191 Қазақстан азаматы мен 70-ке жуық қандасымыз тұрады. 126 миллионнан астам халқы бар елде әр отандасымыз өзіндік жетістікке жеткен. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша қаласынан келген Антон Голубь Қазақстан, Ресей және Өзбекстанда өткен жапон тілі байқауларының жеңімпазы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін және Токио университетінде магистратураны бітіргеннен кейін ол жапондық компаниялардың біріне жұмысқа орналасқан.
Антон Голубь, Токио қаласының тұрғыны:
- Қазір екі жыл бойы жапондық компанияда жұмыс істеп жатырмын. Бүгінгі қауымдастықтың құрылғанына өте қуаныштымын. Шетелде жүргенде отандастарымен байланыста болғым келеді.
Ал мына 200 қорғаныш костюмі мен 5 мыңнан астам бетперде салынған гуманитарлық көмекті Қазақстанға Әбдібек Қалибек жіберді. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиясынын тумасы 19 жылдан бері Токиода тұрады. Мұнда ол сабақ береді, балалар хирургі болып жұмыс істейді әрі туристік фирма басшысы. Енді Әбдібек Жапон қазақтар қауымдастығын басқармақ.
Әбдібек Қалибек, Жапониядағы қазақтар қауымдастығының басшысы:
- Қазақстанның отыз жылдық тәуелсіздігіне байланысты Жапониядағы отандастар, қандастар барлығымыз бүгін бірігіп қауымдастық құрып жатырмыз. Бұл қауымдастықтың құру мақсаты жылына 4-5 рет жиналып өзара қиыншылықтарымызды, өзара пікір алмастырып, жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз.
Қауымдастықтың жұмысы Жапониядағы отандастарымыздың кездесулерін ұйымдастырып тұрумен ғана шектелмейді. Ұйым басшысы «Отандастар» қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Мағауия Сарбасов, «Отандастар» қорының вице-президенті:
- Біздің қандастарымыз, шетелде тұрып жатқан қандастырымыз өз бизнестерін Қазақстанда жүргіземін деп осы жақта көмек керек деп жатса бізге хабарласаңыздар, мысалы, осы жұмыс аясында іске асыруға болады. Немесе біздің осы отандық кәсіпкерлеріміз сіздер мен бизнес жасаймыз десе сіздермен де тіл табыстырып әрі қарай ынтымақтастарыңызды қолдауға дайынбыз.
Ерлан Баударбек-Қожа-таев, Қазақстанның Жапониядағы Елшісі:
- Отандастарымыз бен қандастарымыз қайда жүрсе де бірін бірі іздеп Отанымен байланысты үзбейді. Олардың ұйымдастырып бас қосып жатқанына Елшіліктің толық қолдауын табады. Қауымдастықтың жұмысы Қазақстан мен Жапония арасында да мәдени байланыстарын нығаюына алып келеді деп сенемін.
Авторлар: Владислав Цой, Ольга Лян