Семейде өрт сөндірушілер дүкенді шарпыған жалынмен күресуде

Семей қаласында өрт сөндірушілер дүкенді шарпыған алапат өртпен күресуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 сәуірде сағат 10:00 шамасында Семей қаласындағы Қашағанов көшесінде орналасқан дүкеннің өртеніп жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына құтқарушылар шұғыл жетті.

«Анықталғандай тілсіз жау көптонналы контейнерлер мен қойма үй-жайларын шарпыған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Сол маңдағы азаматтар өз беттерімен сыртқа шығып үлгерген», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Өртті сөндіруге жеке құрамнан 41 адам мен 11 автоцистерна жұмылдырылған. Алдын ала болжам бойынша өрттің жалпы ауданы 500 шаршы метрге жетеді. Жалынның неден шыққандығы әзірге белгісіз.