427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Президент Агенттіктің жаңа басшысына бірқатар маңызды міндетті жүктеді

  • 241
  • UPD: 15:28, 16.04.2021

Мемлекет басшысының Жарлығымен Алик Шпекбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктің төрағасы лауазымынан босатылды.

Мұның орнына күні бүгінге дейін Бас прокурордың орынбасары қызметін атқарған Марат Ахметжанов тағайындалды. Президент осы жөнінде арнайы жиын өткізіп, жемқорлықпен күресте баса мән беретін негізгі бағыттарды атады. Алик Шпекбаев нәтижелі жұмыс істеді. Оның басшылығымен Агенттікте жемқорлыққа қарсы жаңа жобалар қолға алынды. Құрылым жұмысы жаңғырды. Қасым-Жомарт Тоқаев та Шпекбаевтың еңбегін бағалап, жиын басында алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Агенттікте оның басшылығымен жемқорлықпен күресте ауқымды жұмыс атқарылды. Осы құрылымның қызметі айтарлықтай жаңарды. Жемқорлыққа қарсы бірқатар бастама мен шаралар қолға алынды. Солардың қатарында адалдық алаңы, антикор орталығы және т.б. бар. Оған осы қызметтегі табысты жұмысы үшін алғысымды білдіремін.

Ал Алик Шпекбаевтың орнына келген марат Ахметжанов та мемлекеттік қызметте тәжірибелі маман. Бірқатар ведомствода басшылық лауазымда болды. Президент оған сенім артып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін менің Жарлығыма сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығына Марат Ахметжанов тағайындалды. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол маман. Әділет министрлігінде, Бас прокуратурада басшылық лауазымдарды атқарды. Кезінде экономикалық қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігінің орынбасары болды. Сондықтан мен оны осы лауазымға тағайындау туралы шешім қабылдадым.

Елдің қауіпсіздігі халықтың әл-ауқаты жемқорлықпен күрестегі тиімді шараларға тікелей байланысты. Осы бағытта агенттік алдында бірқатар маңызды міндет тұр. Біріншіден.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті тиімді жүргізу үшін кешенді жұмыс атқару қажет. Мұндай шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеу керек. Мұндай тәсілдің кері әсері болады. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан тартынып, бюрократияға бой алдырады. Және лауазымды тұлғалар жеке жауапкершілік алудан жалтарады. Агенттік жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалатын қылмыстардан ажырата білуі тиіс. Сондай-ақ кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тартуы қажет.

Екіншіден, Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске барынша қоғам өкілдерін тартуы керек және осы қылмыстың алдын алу аса маңызды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі таңда қоғамдық бақылау туралы заң дайындалып жатыр. Бұл құжат мем органдардың қоғам алдындағы ашықтығын қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ белсенді азаматтарға құқықтық бақылау құқығын береді. Осы заң жобасының әлеуетін барынша пайдаланып, қоғамды жемқорлықпен күресуге барынша тарту қажет.

Қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіріп, тәркілеу ісіне баса мән бермек керек. Бұл Агенттік алдындағы үшінші міндет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұны Follow the money қағидаты дейді. Қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу жөніндегі бұлжымас қағидат сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез келген әрекеттен аулақ болуға ынталандыру қажет. Бұл жұмысты агенттік қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп атқаруы қажет. Менің тапсырмаммен қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп жатыр. Мұндай модель қылмыстық процеске заңсыз араласуға жол бермейді. Агенттікке өз қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеуді тапсырамын.

Елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар жалғаса береді. Себебі қоғам, бизнес өкілдері, инвесторлар жемқорлықтан сақтайтын мықты қорған барын сезінуі керек. Сондықтан осы бағытта жаңа басшыға артылып отырған сенім зор!

Автор: Қорған Қонысбайұлы

Хабар 24 телеарнасы