Ақмола облысында Жабай өзенінің су деңгейі көтерілді

Ақмола облысында өткен тәулікте Жабай өзенінің су деңгейі көтерілді. Атбасар қаласының тұсындағы өлшем бойынша ол өзінің шектік деңгейінен 30 сантиметрге жоғарылаған.

Алайда қазір ағын су қайтадан түсіп келеді.

Мамандардың айтуларынша, деңгей 10-15 сантиметрге төмендеген. Ал маңайдағы үйлерге әзірге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Атбасармен қатар Аршалы мен Астрахан аудандары да қатерлі аймаққа жатады. Себебі олардан бірнеше өзен ағып жатыр. Даладағы қар толықтай еріп бітпегенін ескерсек, олардың арнасы әлі де толуы мүмкін. Өзен-көлдердің тасуына су қоймалары да тікелей себепші. Мәселен, жақында Астана бөгеті секундына 350 текше су жіберіп, салдарынан Жібек жолы ауылында бірнеше үйдің ауласына су кірген болатын. Ал алдағы уақытта басқалары да артық судан арылу жұмыстарын жүргізеді.

Олег Малюк, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- Су қоймаларынан келетін қауіптің деңгейі, олардың суды қанша көлемде жіберетініне байланысты. Бізде ең ірі деген 3 су қоймасы бар. Олардың су жинауы қазір 90 проценттен сәл асады. Бірақ су жіберу қажет болған жағдайда бірден көп жібермейді деп ойлаймыз.