Қостанайда дүкен иесі жұма сайын тегін нан таратады

«Жақсылық жасап жарыс» деген қанатты сөздерді қостанайлық Светлана Багмут санасына мықтап сіңірген.

Азық-түлік дүкенінің иесі жұма сайын тегін нан үлестіреді. Мұндай сауапты істі жұбайымен бірге төрт жыл бойы үзбей жасап келеді. Сөредегі ас атасы зейнеткерлерге арналып қойылған. Бүгін, жұма күні 150-ден астам бөлке нан таратылады. Светлана ас атасы үшін ата-әжелерден ақы алмайды. Олардың ақ батасын алады. Болашақта кәсіпкер нанды көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға да үлестіріп, тегін берілетін азық-түлік түрін көбейтпекші.   

Светлана Багмут, жеке кәсіпкер:

- Алғашында дүкенімізді 11 жыл бұрын қала орталығынан аштық. Сауда орнын жалға алсақ та қайырымдылық жасауды жөн көрдік. Қазір басқа шағын ауданға көштік. Бірақ біз туралы естіп, келіп жатқандар көп.

Арыстан Аюпов, зейнеткер:

- Осы дүкенде ақысыз нан таратады деген хабарды көршімнен естідім. Екі айдан асқан шығар келіп жүргеніме. Әрине бір бөлке нан сатып алуға жағдайымыз бар. Мәселе тек көңілде ғой. Бізді жұрт сыйлайтындығын сезінеміз.