427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысындағы Матақ ауылының тұрғындары ауыз сусыз отыр

  • 116
  • UPD: 22:17, 16.04.2021

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарайтын Матақ ауылы тіршілік нәріне жарымай-ақ қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар тұщы суды 70 шақырым жерден тасып ішеді.

Ауыл әкімі құдық қазып, құбырларды жаңарту үшін жоғарыдан қаржы сұрағанын айтады. Бірақ нәтижесіз. Сонымен жұрт сапалы суға қашан қол жеткізеді?

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Жанат Акимов аптасына бір мәрте Қарқаралыға немесе Жосалыға барып, 100 литр су әкеледі. Себебі ауылда тұщы су тапшы. Ал көлігі жоқтар жергілікті құдықтан ішуге мәжбүр.

Жанат Акимов, ауыл тұрғыны:

- Енді бұл проблема ертеден келе жатқан проблема. Жылда енді аудандық жиналыста да айтылады, жергілікті жиналыста айтылады, бірақ сол ешқандай нәтиже болмай тұр. Мынау қазір істеп тұрған құбырымыз қазір жарамсыз, қыста болса қатып қалады.

Қазір көшеге қойылған 13 колонканың тек екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Бірақ оның өзі ішуге жарамсыз. Тұрғындар ащы суды тек шаруашылыққа пайдаланады.

Рымкеш Мұсабекова, ауыл тұрғыны:

- Бұл жақта екі-ақ колонка жұмыс істейді. Оның өзінде су жоқ, су ақпайды. Құр әйтеуір тұрған есебі. Енді құдықтан ішейік десек, оның суы да ішуге келмейді. Біз көшіп келгелі өзі 10 жыл болды. Сол 10 жылдан бері осы ащы су. Су алып ішіп көрген жоқпыз, мынау құр тұр.

Матақ ауылына осыдан тура 15 жыл бұрын «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы су жүйесі тартылған. Бірақ тұрғындар тұщы суға қол жеткізбеді. Айтуыларынша, ұңғыма небәрі 17 метр тереңдікте қазылыпты. «Ал сапалы су алу үшін кемінде 50 метр болу керек», - дейді мамандар.

Нұржан Көшкінбай, Матақ ауылының әкімі:

- Ауыз суды тереңірек қазу пайдалы екенін бәріміз білеміз. Бірақ енді сол кезде кішкене олқылықтар, қателіктерге байланысты өкінішке орай, су жақыннан тартылған. Келешекте халықты таза ауыз сумен, тұщы сумен қамтамасыз ету үшін одан да тереңірек, яғни екі есе тереңдікте қазып, су шығару жұмыстарын жүргізу қажет.

Мамандардың жасаған техникалық сараптамасына сәйкес ауылдағы су жүйесі әбден тозған. 5 шақырым құбыр мен су мұнарасын ауыстырып, құдық қазу керек. Ол үшін қаржы қажет.

Жасұлан Сыздықов, Қарқаралы қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Біз аудандық бюджеттен бюджет комиссиясына жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге өтініш жолдағанбыз. Олар қаражаттың жетіспеуіне байланысты бізге келісім бермеді, өтінішіміз қарастырылмады. Алдағы уақытта тағы да өтініш, бюджеттік өтінім тапсыруға дайын тұр құжаттарымыз.

Демек, мәселенің алдағы бірер жылда шешілуі екіталай. Өкінішке қарай, қаржы табылғанша тұрғындарға суды тасып ішуге тура келеді. Ал қазір мұнда 423 адам тұрады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы