429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда баспанаға қаржы құйғандар былтырдан бері үйлеріне кіре алмай жүр

  • 129
  • UPD: 22:31, 16.04.2021

Ақтауда тағы да баспана дауы туындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолғы мәселе 18а шағын аудандағы тұрғын үй кешені құрылысына қатысты. Оған қаржы құйған бір топ азамат әлі күнге дейін өз пәтеріне кіре алмай жүр. 14 қабатты төрт үй 2 жыл бұрын салына бастаған. Сол уақытта үлескерлердің басым көпшілігі қолма-қол ақшасын беріп қояды. Енді не үй жоқ, не ақшасын қайтып ала алмай жүр. Ал мердігер мекеме өкілі үйді биыл қолданысқа береміз деп уәде беріп отыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бұл – ашынған тұрғындардың жанайқайы. Көптен бой тасалап жүрген мердігер мекеме өкілі журналистер келерін естіп, бүгін құрылыс алаңында қара көрсеткен айтады. Арасында Жаңаөзенде тұратын азаматтар да бар. Соның бірі – Салтанат есімді көп балалы ана. Ол 2019 жылы Ақтауға көшуді ойлап, пәтер іздейді. Таңдауы осы тұрғын үй кешеніне түскен. Ақшасын қолма-қол төлеп, келісімшартқа отырады. Содан бері күтумен жүр.

Салтанат Абилова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Бір жылда осы жерде үй салынып болады деп ауызын толтырып айтты Ержан ба, Нұржан ба екеуі егіз. Айыра алмаймыз да, ақшаны салдық. 2020 жылы келісімшарт бойынша үй салынып болуы керек еді. Қыркүйек айында. «Ақшамды қайтар», деп арыз жазып кеттім, әлі жоқ. Өткен аптада 10 бөлігі дейді ғой, соны берді. Біраз мен олай 100, 200 мыңнан салған жоқпын ғой. Мен 7 млн ақшамды салдым. Сондай-ақ несие алып отырмын осы үйді алу үшін.

Бұл үйлер 2018 жылы салынып басталған. Былтыр наурыз айында пандемия басталған кезеңнен бастап 10 айға құрылысы тоқтап қалады. Көп қабатты баспаналардың тек қабырғалары ғана көтеріліп тұрғанын көрдік. Сонда жыл жарым уақыт бұл компания немен айналысқан?! Бұл сұрағымызға мердігер өкілі былай деп жауап берді:

Олжас Төлеуханов, құрылыс компаниясының менеджері:

- Бұл жобаға 3 үй тұрғын үй кешені кіреді. Екеуін уақытында аяқтау үшін бірінің құрылысын тоқтауымызға тура келді. Биылға жоспар – 4 үйден тұратын тұрғын үй кешенін осы жылдың соңына дейін тапсыру. Ал 6 үйлік екінші жоба келер жылы жүзеге асады. Қазір құрылыс басында 60-қа жуық жұмысшы жүр. Бұл үйлерді салу жұмыстары тек соңғы 4-5 айда қайта қарқын алды.

Бастапқы келісімшартқа сәйкес мердігер мекеме әр үлескер арызын қабылдап, үйге салған ақшасын 3 айда толық көлемде қайтаруға тиіс болған. Биыл тараптар берешек 10 ай ішінде қайтарылады деген жаңа уәжге тоқтасыпты. Осы наурызға дейін 25 адамға төлеген қаржысының бір бөлігі беріліпті. Бұл мәселемен қала әкімдігі де хабардар. Қаңтар айынан бері тараптарды мәмілеге шақырып, келіссөздер жүргізілген.

Жанболат Жақып, «Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы» ММ сектор меңгерушісі:

- Салымшылар тарапынан басым көпшілігі салынған қаражаттарын кейін қайтару бойынша талап қойған болатын. Қайтару бойынша кесте жасақтап, қайтарып алатын адамдардың тізімін жасақтау бойынша тапсырма берілді. Әр аптаның жұма күні жасалып жатқан жұмыстардың қарқыны туралы, одан кейін қаражатын қайтарып алған кісілердің тізімін алу арқылы осылай бақылауда ұстаудамыз.

Құрылыстың тоқтап қалуына карантин кезеңде жұмыс күшінің жетіспеуі, құрылыс материалдарының жетіспеушілігі басты себеп болған. Салымшыларға мердігер уәде берген мерзімді күтуден басқа амал жоқ. Ал ақшасын қайтарып алғысы келген азамат 10 айда ала алмаса, азаматтық істер бойынша қалалық сотқа жүгінуі керек. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы