Қостанай облысында төселген асфальт төрт айдың ішінде үгітіліп қалған

Жолдың жыры бітпеді. Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстарында да жол ойқы-шойқы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Республикалық маңыздағысы бір бөлек, жергілікті жолдар да тозып кеткен. Кей өңірлерде тіпті жарты ғасыр бойы асфальт төселмеген жерлер бар.

«Қостанай облысындағы Әулиекөл – Жалдама бағытындағы жол діттеген жеріңе жеткенше діңкеңді құртады. Жүз шақырымдай асфальттың тас-талқаны шыққан», - дейді жүргізушілер. Бұл аралықта көліктер жиі қатынайды. Әсіресе, Амангелді және Жангелдин ауданы тұрғындары үшін облыс орталығына қатынайтын жалғыз жол. Былтыр төселген асфальт төрт айдың ішінде үгітіліп қалған. Жүргізушілер бір сағаттық жолды үш-төрт сағатта әрең еңсереді.

Жергілікті жол басқармасы биыл бұл тас жолды толық қалпына келтіреміз деп отыр. Оған бюджеттен тағы қаржы бөлінеді. Жалпы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыстың жолдарын жөндеуге 9,2 млрд теңге қарастырылған. Тиісті қаржыға ұзындығы 186 шақырым асфальт төселуі тиіс.

Қызылорда – Жалағаш бағытындағы автомобиль жолы да жарты ғасыр бойы күрделі жөндеу көрмеген. Әр жылдары белгілі бір бөліктері асфальтталып келді. Жол бойында 15 көпір және 18 су өткізгіш құбыр бар. Алайда көбі тозып тұр. Тәулігіне 4 мың көлік арылы-берілі өтеді. Содан жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі.

Жанболат Шарапаев, Жалағаш ауданының тұрғыны:

- Ойдым-ойдым жолдар. Содан қашамыз деп жол апаты да болып жатады. Көлік тоқтап қалып жатады. Ходавкадан ходовка қалмайды. Жол нашар. Ені де тар. Жоғары жақтан өтінеріміз, осы жолды істеп берсе екен дейміз. Қаншама тасымалдар көктемнің кезінде. Дәу машиналар, жеңіл машиналар, қаншама халық бар. Таксистер бар. Мыңдаған көліктер өтеді.

Ал Батыс Қазақстан облысы – жол сапасы жағынан елде ең соңғы орында. Аймақта жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан асады. Алайда соның 66%-і сын көтермейді. Әсіресе, оңтүстік-батыс аудандарда жағдай нашар. Былтыр өңірде 192 шақырым жол жөнделген. Республика бойынша бұл да төменгі көрсеткіш.

Мерейхан Жакеев, жүргізуші:

- Жол өте нашар. Машинаның дөңгелегін қоймайды. Кілең шұрық-тесік. Шұңқырдан қашамыз деп қарама-қарсы көліктерге соғылып жатады біреулер. Өзімде де болды алдында бір апта бұрын.

Бауыржан Айтмағанбетов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Барбастау – Жайық – Индер» бағыты бойынша «Бурлин – Ақсай – Жымпиты» және «Чапаев – Жаңақала – Сайқын» автомобиль жолдары бойынша жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Жалпы 2021-2025 жж бағдарлама жасақталып жатыр. Сол 5 жылдың ішінде 1800-ден астам автомобиль жолдары жөнделіп, 169 елді мекенге кіреберіс жолдар жоспарлап отырмыз.

Осылайша, Президент сынға алған шаруа ешбір ақтап алуға тұрмайтын болып шықты. Сыр берген асфальт, тозығы жеткен жол, құрылыстың баяу жүруі сынды түйткілдер Мемлекет басшысының қатаң шешім қабылдауына түрткі болған. Енді жүргізушілер бұл істің қайта қарқын алуын күтеді. Әйтпесе, көлік түгіл, адам аяғын алып жүруге қиын жолдар ауыл-аймақты айтпағанда қала ішінде де көбейіп барады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев аймақтағы тілшілердің көмегімен