Флэш-дискіні ноутбуктың бағасымен сатып алған мемлекеттік мекемелер анықталды

Флэш-дискіні ноутбуктың бағасымен, ал компьютерлерді 2 есе қымбатқа сатып алатындар бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл әрине, мемлекеттік тапсырысқа қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Жамбыл облыстық департаменті бюджет қаражатының негізсіз ысырап болу фактілерін анықтады.

Тек осы жылдың бірінші тоқсанында сатып алу бағаларын қайта қарау арқылы мемлекетке 768 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылған. Мамандар мемлекеттік сатып алу веб-порталын мониторингтен тұрақты өткізуді жоспарлап отыр.

Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мемлекеттік мекемелердің 30-ға жуық негізсіз сатып алу дерегінің алдын алды, нәтижесінде 600 миллион теңгеден астам бюджет қаржысы үнемделді. Негізінен кеңсе тауарлары мен жабдықтарын асыра жоғары бағамен сатып алуға тырысқан.

Равиль Тюлебаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Талдау кезінде біз Goszakup.gov.kz деректеріне негізделеміз.Бұл Қазақстан Республикасы бойынша мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі. Біз көрсетілген тауарлардың бағасын нарықтық бағамен салыстырамыз. Егер бағаның айтарлықтай жоғары көрсетілгені анықталса, мемлекеттік мекемеге ұсыныстар беріледі. Ал мемлекеттік мекеме өз кезегінде талдап, ұсыныстармен келіседі немесе дәйектерін жазады.

Мысалы облыстық полиция департаменті 80 флешканың әр данасын 235 мың теңгеге сатып алуды жоспарланған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тексеріп, ақпарат тасығыштардың құны 100 есе жоғары көрсетілгенін анықтады. Іс жүзінде 16 гигабайттық бір флешканы полицейлер 2 мың теңгеден сәл артық бағаға да сатып алуына болады екен.

Руслан Мейірманов, сатушы:

- Ең арзан флешка 2 гигабайттық олар мың теңге. Ал 16 гигабайт қанша тұрады? Ауданда 4 мың, 3,5 мың, шамамен олар тұр. Бағасы неге байланысты? Гигабайттардан ғана емес? Жалпы бағасы компанияға байланысты.

Шу ауданы әкімдігінің де 12 миллион теңгеге 20 компьютер сатып алмақ болғаны анықталды. Яғни, бір компьютердің бағасы 600 мың теңге. Тексеруден кейін бұл жабдық 2 есе арзан бағаға табылды. Ал Байзақ ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары жаялықтарды негізсіз бағамен сатып алуды жоспарлаған. Тексеру нәтижесінде бюджетке 78,5 миллион теңге қайтарылды.