Ақсайлық тоғыз жастағы оқушы әлем картасын жатқа біледі

Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында вундеркинд балақай елді аузына қаратты.

Небәрі 9 жастағы оқушы әлем картасын жатқа біледі екен. Оның үстіне кез келген мемлекеттің туын танып, астанасын мүдірместен айта алады.

Құмарғали Жазықбаев, әкесі:

- Баламыздың елдерге қызығуы біріншіден осы доптан басталды. Кішкентайында  «Қазақстан қайда?» десек, Қазақстанды көрсететін еді.

Глобус үлгісіндегі доп расымен де Шерханның дарынын аша түскендей. Ойыншықтағы картадан ол кез келген елді тақылдап айтып береді. Жеткіншек сылдырлаған ойыншықтардан гөрі, ой-өрісті дамытатын құралдарға қызығатын көрінеді. Оның сабақ оқуға арналған үстелінде әлем картасы жаюлы тұр. Сонымен қатар, өзге де географиялық сызбалар жатқанын байқадық. Шерханның қабілетін одан әрі шыңдау үшін ата-анасы тағы ерекше сыйлық тарту еткен. Қорапта жүзден астам мемлекеттің туы бейнеленген қағаздар бар. Ал әрқайсының артында сол елдің атауы, астанасы және тұрғылықты халқының қай тілде сөйлейтіні жазылған. Балақай аз уақыттың ішінде солардың барлығын жаттап үлгеріпті. Вундеркиндтің талантына көз жеткізбек болып, сынап та көрдік.

Ата-анасы да алғашында аса мән бере қоймағанын айтады. Алайда уақыт өте келе шынымен есте сақтау қабілетінің жоғары екеніне көздері жеткен.

Кәмшат Кенжеғалиева, анасы:

- Мысалы, папасы футбол қарайды. Сол футболды кімдер ойнап жатқанын, елдердің туларын біліп отыратын еді. Өзіміз таң қалдық. Ол бүкіл елдерді біледі екен. Астанасын біледі екен.

Шерханның сабақ үлгерімі жақсы. Мектепте алғырлығымен өзге балалардан ерекшеленіп тұрады дейді ұстаздары.

Динара Баймағанбетова, бастауыш сынып мұғалімі:

- 1-сыныптан бастап ол ешқандай қиындық туғызған жоқ. Сабақ үлгерімі жақсы болды. Әріптерді танып келді. Басқа оқушыларға қарағанда оқу шапшаңдығы жоғары болды. Сонымен қатар Шерханның қоршаған ортаға қызығушылығы өте жоғары болды.

Шерхан болашақта өмірін журналистика саласымен байланыстырғысы келеді екен. Ел аралап, әлем жаңалықтарынан хабардар етіп жүруді армандайды. Талантты балақайдың болашағы жарқын боларына сеніммен қарайды туыстары.

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазеов, Қанат Махмұтов