Ақтау тұрғыны «Запорожец» көлігімен Қазақстанды аралауға аттанбақшы

Ақтаулық саяхатшы «Запорожец» көлігімен Қазақстанды аралап шықпақ. Стас Красько 34 жыл бұрынғы машинаны сатып алған екен. Енді жөндеп, ұзақ сапарға дайындап жатыр. Саяхатшы әр облысқа біраз күн аялдап, жергілікті салт-дәстүрмен таныспақ. Мақсаты қазақ тілін үйрену.

- Келіңіздер, көріңіздер!

Станислав Красько осы наурыз айында автокөлік сатып алды. Темір тұлпар бар-жоғы 400 мың теңгеге саудаланған. Қазір қозғалтқышын жөндеп, шанақтағы тат басып, тесілген жерлерін дәнекерлеп бітеп жатыр. Апта соңында сыртын көк түске сырлаймын дейді. Осылайша қайта жаңарған екі есікті машинамен биыл 20 мың шақырымды еңсермек.

Станислав Красько, қала тұрғыны:

- Автокөлік мен туған жылы зауыттан шыққан. Жалпы өзім әлеуметтік желілерді белсенді қолданушымын. Әр қалада сенімді достарым бар десем де болады. Олардың көмегімен көрнекті жерлерді аралап, алған әсерімді үнемі ғаламторда бөлісіп отырамын. Түркия, Египет, Біріккен Араб әмірліктеріне жиі барамыз. Бірақ Қазақстанда көрікті жерлердің көп екенін көпшілігі біле бермейді. Осы кемшілікті түзетуіміз керек.

Саяхатшы осыдан 4 жыл бұрын Украинадан Ақтауға қыдырып келген. Каспий жағасындағы қала бірден ұнап, біржола тұрақтап қалыпты. Ұлты орыс қызға үйленіп, отау құрды. Қазір Диана есімді 1,5 жастағы қыдарын тәрбиелеп отыр.

Полина Красько, қала тұрғыны:

- Шынын айтсам, басында қалжың деп ойладым. Гаражда ескі машина пайда болған соң ойнап айтпағанын түсіндім. Енді күнде сол көлікті айналдырып, жөндеп жатыр. Ұзақ сапарға жолдасым жалғыз өзі шығады. Мен бала күтімімен үйде қаламын, Ютьюб арнадан оның барған жерлерін көріп отырамын.

Қазақстанды аралауды мұрат еткен Станислав Красько наурыздың соңына қарай жолға шығады. Атырау, Орал мен Ақтөбені аралап, одан әрі Қостанай жеріне барады. Жоспары бойынша бұл жолғы саяхаты шамамен екі айға созылады.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев